Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Түркістан облысы әкімдігінде шаһардың 2040 жылға дейінгі даму жоспарына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылау бойынша маңызды жиын өтті. Мәжілісте облыс басшылығы, қала сәулеті мен урбанистикасы саласындағы мамандарға жаңартылған Бас жоспар жобасы таныстырылды.

Жоспарға сәйкес, құжатта қаланың инфрақұрылымын жетілдіру, тарихи және мәдени мұраны сақтау, көлік қозғалысын оңтайландыру, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инженерлік жүйелерді халық санына сәйкестендіру мәселелері қамтылған. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай Түркістан қаласының халқы 400 мыңға жетеді. Осыған орай, қаланың әр секторын кезең-кезеңімен дамытуды қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Жиын барысында өңір басшысы Нұралхан Көшеров жобаны жан-жақты талдауды, қосымша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын ескеру қажеттігін баса айтты:
«Түркістан тек облыстың емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Сондықтан Бас жоспар мен қаланың сәулеттік келбеті осы мәртебеге сай болуы тиіс. Жоспарды қайта қарап, нақты ұсыныстар енгізу қажет» — деді өңір басшысы.

Мәжілісте тек Түркістан қаласының ғана емес, облысқа қарасты аудан және қала орталықтарының дизайн-кодын әзірлеу, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар, «Біркөлік» рекреациялық аймағын дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланып, бұл бағытта туристік, мәдени және спорттық нысандарды дамыту бойынша ұсыныстар пысықталды.

Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев баяндама жасап, қала инфрақұрылымын, көлік жүйесін және қоғамдық кеңістіктерді жетілдіру бойынша тиісті тапсырмаларды жеткізді. Қаладағы көше-жол желісін кеңейту, жаңа тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар мен медициналық нысандарды салу мәселелері ерекше назарға алынды.

Сонымен қатар, Бас жоспарға экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жасыл аймақтар мен саябақтар санын арттыру, су жүйелері мен қалдықтарды басқару мәселелерін қосу ұсынылды. Мәселен, қаланың әрбір ауданының инфрақұрылымы, инженерлік желілері мен қоғамдық қызмет көрсету нысандары халық санының өсуіне сай жетілдірілуі тиіс.

Алдағы уақытта барлық ұсыныстар сарапталып, Бас жоспарға нақты түзетулер енгізіледі. Бұл жұмыс Түркістан қаласын қазіргі заманғы, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған, туристік және рухани әлеуеті жоғары қала ретінде дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, жоба өңірдегі урбанистикалық даму стратегиясын жетілдіріп, тарихи-мәдени мұра мен заманауи құрылыс арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Қатысты жаңалықтар

Сабина Алтынбекова кімді таңдайды? Қуат Хамитовтың қарсыласы пайда болды

Bastynews

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

bastynews

«Головкин VS Шеремета» чемпиондық белбеу үшін өтетін кездесуі тағы кейінге шегерілді

Bastynews