Шардара – тек экономикалық әлеуеті ғана емес, туристік тартымдылығы жоғары өңір. Осыған орай жағажай аумағын жүйелі түрде абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және азаматтардың қауіпсіз демалуына жағдай жасау – басым бағыттардың бірі. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Шардара ауданына жұмыс сапарымен келіп, жағажай аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Жаз мезгілінде халық көп шоғырланатын жағажай аумағы толық тазартылып, ретсіз сауда мен заңсыз орнатылған нысандарды жою шаралары қабылданды. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында құтқару қызметінің кезекшілігі ұйымдастырылып, арнайы бақылау мұнаралары мен ескерту белгілері орнатылды. Сонымен қатар суға түсуге рұқсат етілген және тыйым салынған аймақтар нақты айқындалып, ақпараттық тақтайшалар қойылды.
Жағалауға жақын орналасқан сәкілер санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сәйкес 50 метр қашықтыққа көшіріліп, жағажай аумағында автокөліктердің қозғалысы толықтай шектелді. Бұл шешімдер демалушылардың еркін қозғалуына, балалардың қауіпсіз ойнауына және төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда шомылу аймағы кеңейтіліп, жағалаудың түбі тазартылып, су сапасына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Сонымен қатар жағажай инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, жуынатын орындар, киім ауыстыратын кабиналар мен санитарлық тораптардың саны арттырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді орта қалыптастыру шаралары қарастырылуда. Кешкі уақыттағы қауіпсіздік үшін жағалау аумағы жарықтандырылып, бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты басқарма басшыларына, аудан әкімдігіне және кәсіпкерлік нысан иелеріне жағажайда қызмет көрсету мәдениетін арттыру, тазалық талаптарын қатаң сақтау және демалушыларға қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ туристік маусым кезінде баға саясатын негізсіз көтермеу, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Аталған жұмыстар Түркістан облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында. Жазғы шомылу маусымы бойы жағажай аумағында қауіпсіздік, санитарлық тазалық және инфрақұрылымның жай-күйі бойынша үздіксіз мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктер жедел түрде жойылатын болады. Бұл шаралар Шардара жағажайын өңірдегі үлгілі, қауіпсіз әрі тартымды туристік нысандардың біріне айналдыруға бағытталған.
