Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЦИФРЛАНДЫРУ ҮДЕРІСІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысында цифрландыру саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, әлеуметтік, білім беру, әкімшілік және инфрақұрылым бағыттарында ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Өңір республика бойынша цифрлық трансформацияның үздік үлгілерінің біріне айналып келеді. 2024 жылдың соңына қарай Түркістан облысындағы 829 ауыл елдімекенінің 690-ында 3G/4G мобильді интернет желісі іске қосылып, тұрғындардың 92,2 пайызы сапалы байланыспен қамтылды. Интернетпен қамтылмаған 39 ауылды желіге қосу жұмыстары 2027 жылға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, облыс орталықтары мен ірі елдімекендерде байланыс сапасын арттыру мақсатында 14 жаңа базалық станция орнатылды. Түркістан, Сарыағаш және Жетісай қалаларында 5G желісі енгізіліп, заманауи технологиялар стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар нысандарда қолжетімді бола түсті. Бұл өз кезегінде бизнес, білім және қызмет көрсету салаларының цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.

Білім беру саласында да цифрландыру айқын нәтиже беруде. Облыстағы 911 мектептің барлығы интернет желісіне қосылып, оның ішінде шалғай ауылдардағы 330 мектепке Starlink спутниктік құрылғылары орнатылды. Бұл оқушылар мен ұстаздардың цифрлық білім ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етті. Сонымен бірге мектеп асханаларында «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізіліп, оқушылардың тамақтануын электронды жүйе арқылы бақылау, ата-аналар үшін ашықтық пен қауіпсіздікті арттыру мүмкіндігі жасалды.

Денсаулық сақтау саласында электронды медициналық құжат айналымы, онлайн жазылу және телемедицина қызметтері кезең-кезеңімен енгізілуде. Пациенттер үшін емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу және медициналық анықтамаларды алу процестері жеңілдеп, уақыт үнемдеуге жағдай жасалды.

Әкімшілік басқаруда «eGov», «Ашық әкімдік», «Smart City» элементтері кеңінен қолданылып, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшірілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері жаңартылып, «Қауіпсіз қала» жобасы аясында цифрлық талдау құралдары пайдаланылуда.

Алдағы кезеңде Түркістан облысында цифрлық сервистерді одан әрі жетілдіру, жасанды интеллект элементтерін енгізу, көлік және коммуналдық салаларды толық автоматтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, Түркістан облысының инновациялық әрі заманауи аймақ ретінде дамуына серпін бермек.

Қатысты жаңалықтар

Атырауда карантин күшейтілді

Bastynews

ЖАСТАР – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Bastynews

Қыздардың шетелге кетуінің себебі белгілі болды (видео)

Bastynews