Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдады. Кездесу барысында өңірдегі ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, байланыс сапасын арттыру және бірқатар пилоттық цифрлық жобаларды іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Өңір басшысы Түркістан облысына арнайы келіп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірген «Қазақтелеком» АҚ басшылығына алғысын білдіріп, облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы «қазіргі цифрлық өркениет пен білім экономикасы дәуірінде интернетке қолжетімділік – адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі» екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағытта өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде облыс аумағында 801 ауылдық елді мекен бар. Оның 740-ы мобильді интернет желісімен қамтылған. Ал 429 ауылға оптикалық байланыс желісі тартылған. Қалған 372 ауылдық елді мекенде оптикалық интернет жоқ. Осы елді мекендерді оптика желісімен қамтуға қаржы қарастырып отырғандарыңыз – өңіріміз үшін аса маңызды әрі ауқымды инвестиция. Нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы әрі тұрақты интернетке қол жеткізіп, білім, медицина, мемлекеттік қызметтер және кәсіпкерлік салаларында жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Өз тарапымыздан байланыс операторларын қажетті инфрақұрылыммен, жер телімдерімен және рұқсат құжаттарымен қамтамасыз етуге толық қолдау көрсетеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Түркістан облысы компания үшін айрықша басымдыққа ие өңірлердің бірі екенін жеткізді. Халық санының көптігі мен ауылдық елді мекендердің ауқымды орналасуын ескере отырып, интернетпен қамту жұмыстары күшейтілетінін атап өтті. Оның айтуынша, 372 ауылдық елді мекеннің телекоммуникациялық инфрақұрылымын жаңғырту және интернет сапасын арттыру мақсатында «Қазақтелеком» АҚ тарапынан 14,7 млрд теңге көлемінде инвестиция салынады. Бұл қаражатқа талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, заманауи жабдықтар орнатылады.
Сонымен қатар аталған жобалар аясында ауылдық елді мекендерде цифрлық қызметтерді кеңінен енгізу, мектептер мен медициналық ұйымдарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту, электронды мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр. Жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыру үшін облыс әкімдігі тарапынан барлық ұйымдастырушылық мәселелер шешілетін болады.
Кездесу қорытындысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин аталған бастамаларды іске асыру жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат өңірдегі цифрлық теңсіздікті азайтып, ауыл мен қала арасындағы интернет сапасындағы алшақтықты жоюға және Түркістан облысының цифрлық дамуын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
