Жаңалықтар Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС ПОЛИГОНДАР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН РЕТТЕЛУДЕ

Түркістан облысы аумағында орналасқан 128 қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонының шамамен 70 пайызы қазіргі таңда санитарлық-экологиялық талаптарға толық сай келмейді. Аталған полигондардың басым бөлігінде электр энергиясы, сумен қамту жүйесі, қалдықтарды арнайы көму шұңқырлары, қоршау және бақылау инфрақұрылымы сынды негізгі талаптар сақталмаған. Бұл жағдай қоршаған ортаға және тұрғындардың санитарлық қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Осы мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Түркістан облысының әкімдігі «Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру жоспарын» бекітіп, кешенді жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Аталған жоспар аясында қолданыстағы полигондарды түгендеу, заң талаптарына сай келмейтін нысандарды жабу, жаңа полигондар салу және қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу көзделген.

Соңғы үш жыл ішінде аудандық бюджет қаражаты есебінен қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 16 жоба әзірленіп, олар мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен. Бұл жобалар санитарлық нормаларға сай келетін жаңа полигондар салуға, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға бағытталған.

Атап айтқанда, 2023 жылы облыстық бюджет есебінен Созақ ауданындағы үш ауылдық округте жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы басталды. Сонымен қатар экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін полигондарды жабу жұмыстары да қолға алынды. Нәтижесінде Түлкібас ауданында 8, Отырар ауданында 16 полигон жабылып, олардың жер телімдері тиісті рәсімдерден кейін жер қорына қайтарылды.

Бұл шаралар облыстағы тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, ретсіз қоқыс орындарының санын азайтуға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ жаңа полигондарда қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік беретін санитарлық аймақтар белгіленіп, қауіпсіздік талаптары күшейтілуде.

Алдағы кезеңде облыс әкімдігі қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу үлесін арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды да күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өңірде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпал етпек.

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ЕЛІМІЗБЕН БІРГЕ ЖАСТАР ДА ЖАҢҒЫРУЫ КЕРЕК

Bastynews

ТҮРКІСТАН МЕН ЧЖЭНЧЖОУ ҚАЛАСЫ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Bastynews

Мүгедектер тәуелсіз өмір сүруге құқылы

Bastynews