Түркістан облысында мұнай өнімдері нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Кәсіпкерлік және сауда басқармасы Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында мемлекеттік органдардың қатысуымен мониторинг жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде аудандық әкімдіктер мен сауда субъектілеріне жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру, сондай-ақ мұнай өнімдерін шетелге заңсыз шығарудың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Қапланбек және Қазығұрт шекара бекеттерінде жағдайды бақылау мақсатында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасы қызметкерлері жұмылдырылды. Олар мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау деректерінің жолын кесу бойынша қажетті шараларды атқаруда.
Мониторинг барысында жанар-жағармай тасымалдайтын көліктерге арнайы тексерулер жүргізіліп, заңсыз айналымға қарсы бақылау күшейтілді. Сонымен қатар, облыстың ауылдық елді мекендеріндегі жанар-жағармай бекеттері мен қоймаларында рейдтер өткізілді, кәсіпкерлерге жанар-жағармайды заңсыз сақтау немесе шетелге шығару әрекеттерінің салдары түсіндірілді.
Кәсіпкерлік және сауда басқармасы өңірдегі мұнай өнімдері нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және заңсыз тасымалдаудың алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап, жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Болашақтағы жоспарлар:
- Облыс аумағында жанар-жағармайға бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында апталық мониторингтерді тұрақты жүргізу;
- Заңсыз тасымалдауды анықтау үшін кедендік және көліктік бақылауды күшейту;
- Электрондық есепке алу жүйелерін енгізу арқылы жанар-жағармай қозғалысын толық қадағалау;
- Тұрғындарға және кәсіпкерлерге баға тұрақтылығын сақтау бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізу;
- Мәселені бақылау үшін облыстық деңгейде жедел штаб құру және заң бұзушылық анықталған жағдайда дереу шара қолдану.
Осы шаралар іске асырылған жағдайда, Түркістан облысында жанар-жағармай нарығының тұрақтылығы сақталып, заңсыз айналым түпкілікті азаяды, ал халық пен кәсіпкерлер сенімді әрі қауіпсіз отынмен қамтамасыз етіледі.
