Түркістан облысының туризм саласы жыл санап қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, Президенттің Жолдауында туристік инфрақұрылымды жақсарту, туризмді жүйелі дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру және халықаралық имиджді көтеру тапсырылған. Түркістан қаласының ерекше мәртебесі мен тарихи-мәдени байлығы өңірге қосымша тартымдылық сыйлап отыр.
2025 жылдың 10 айында облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, туризм саласы арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түсті. III тоқсан қорытындысы бойынша орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,6%-ға өскен. Табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. Сонымен қатар, e-qonaq жүйесінің деректері бойынша шетелден келген туристер саны 43,8 мың адамды құрады, олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия және Франциядан келгендер бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам өскен.
2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құрады. Жобалардың басты бағыты – туристік инфрақұрылымды жаңарту, жаңа бағыттар мен өнімдерді ұсыну. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға берілмек. Бұл нысандар халықаралық деңгейдегі мәдени, спорттық және туристік іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ өңірде туристік маршруттарды кеңейту, тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіру, табиғи аумақтарды абаттандыру және қонақүйлер желісін жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Туристер үшін жаңа қызмет түрлері – этноауылдар, креативті туристік өнімдер, гастрономиялық турлар және спорттық-экологиялық маршруттар ұсынылады.
Түркістан облысының әкімдігі туристік саланы дамытуда жаңа инфрақұрылым нысандарын салу, қызмет көрсету сапасын арттыру, туристік ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады. Бұл бағыттағы шаралар өңірге келетін туристердің санын арттыруға, экономикаға қосымша кіріс әкелуге және халықаралық деңгейде Түркістанның имиджін көтеруге бағытталған.
