Түркістан облысына инвестиция тарту және өңір экономикасын дамыту мақсатында шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер жүйелі түрде жалғасуда. Бүгін осы бағытта Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов, «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері және салаға жауапты мамандар қытайлық инвесторлармен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында «Jinhao Group» және «Hunan Jumper Holding Co., Ltd.» компанияларының өкілдерімен құрылыс саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңірге жаңа технологияларды тарту және тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жобаларды іске асыру барысында мемлекеттік қолдаудың барлық бағыттары көрсетілетіні атап өтілді.
Инвесторлар Түркістан облысында капсулалы үйлер, металлоконструкциялар және энергия тиімді құрылыс материалдарын өндіру жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты. «Jinhao Group» компаниясы Қытайдың Харбин қаласында орналасқан, энергия үнемдейтін және оқшаулаушы құрылыс материалдарын өндіретін ірі әрі әртараптандырылған ұйым. Компания ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізеді, жобалау, өндіріс, сату және монтаждау бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар ұйым жасыл құрылыс, экологиялық технологиялар және энергия тиімділігін арттыру салаларында қызмет көрсетеді.
Кездесу барысында қос тарап өкілдері Түркістан өңіріндегі құрылыс индустриясын дамыту үшін бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және өзара ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктерін талқылады. Инвесторлар «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен Түркістан индустриалды аймақтарындағы кіші өнеркәсіп алаңдарының әлеуетімен танысты. Олардың айтуынша, аймақ инфрақұрылымы мен логистикасы заманауи жобаларды іске асыруға толық мүмкіндік береді.
Түркістан облыстық кәсіпкерлік басқармасы алдағы уақытта шетелдік серіктестермен келіссөздерді жалғастырып, нақты жобаларды іске қосу, технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру жоспарларын әзірлеуде. Бұл бастамалар өңірдегі құрылыс индустриясының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа серпінге жол ашатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, кездесуде экологиялық стандарттарға сай құрылыс материалдарын қолдану, энергоэффективті тұрғын үйлер салу, заманауи металлоконструкцияларды өндіріп шығару мәселелері де жан-жақты қаралды. Алдағы кезеңде Түркістан облысы тұрғындары сапалы тұрғын үйге қолжетімділікке ие болып, өңірдің құрылыс саласы әлемдік тәжірибеге сай жаңғыртылатын болады.
