Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және индустриалды аймақтарды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, биыл Сауран ауданында өндіріс саласы қарқынды дамып жатыр. Жыл басынан бері 124 өндірістік жоба құрылысы басталып, оның 35-і жыл соңына дейін толық аяқталды. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының өсуіне, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң ықпал етіп отыр.
Өндірістік жобалардың басым бөлігі Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде жүзеге асуда. Бұл аймақтар өндіріс орналастыруға қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, соның ішінде электрмен, сумен және тасымалдау желілерімен толық қамтамасыз етілген.
Аудан аумағындағы өндіріс бағыттары әртүрлі және сан салалы:
- Құрылыс материалдары шығаратын – 36 цех;
- Жиһаз өндірісі – 35 цех;
- Азық-түлік өнімдерін өндіру – 25 цех;
- Резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдеу – 8 цех;
- Тігін өндірісі – 5 цех;
- Электротехникалық өндіріс – 5 цех;
- Дәрі-дәрмек өндіретін – 1 өндіріс орны;
- Ауылшаруашылық жабдықтарын жасайтын – 8 цех;
- Қағаз өңдейтін – 1 цех іске қосылатын болады.
Осы жобалардың жүзеге асуы арқылы Сауран ауданының индустриалдық әлеуеті артатыны сөзсіз. Жаңа өндіріс орындары тек қана экономикалық белсенділікті көтеріп қоймай, сонымен қатар жергілікті тұрғындар үшін 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Әсіресе, жастар мен әйелдер үшін қосымша еңбек нарығы қалыптасып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы күшейеді.
Сондай-ақ, аудандағы өндіріс кешендері заманауи технологиялармен жабдықталған. Кәсіпорындардың көпшілігі италиялық және неміс стандарттарына сай автоматтандырылған өндіріс желілерімен қамтамасыз етіліп, өнім сапасы мен экспортқа шығу әлеуеті едәуір артқан.
Өңірде өндіріс орындарын дамыту жұмыстары тек жаңа цехтар салумен шектелмей, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, логистикалық орталықтар құру, шикізатпен қамтамасыз ету және дайын өнімді экспортқа шығару мәселелерін қамтиды. Бұл өз кезегінде Сауран ауданын тек облыстың ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қазақстан өңірінің индустриалды хабы ретінде қалыптастыруға септігін тигізеді.
Жалпы алғанда, өндірістік жобалардың қарқынды дамуы Сауран ауданының индустриалды әлеуетін өсіріп, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға кең мүмкіндік беруде.
