Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Сайрам ауданына қарасты ауылдық аймақ тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімді әрі жедел көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылды. Тәуелсіздік күніне орай Қарамұрт елді мекенінде «Азия Фаворит» медициналық орталығы пайдалануға берілді. Медициналық орталық МӘМС жүйесі арқылы тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді.

Орталықтың ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, аудандық мәслихат өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Аудан басшысы ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың маңызды екенін атап өтіп, олардың денсаулық сақтау саласындағы тиімділігін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында халық денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Осы бағытта ауылдық елді мекендерде заманауи медициналық нысандардың ашылуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болып табылады, – деді аудан басшысы.

Медициналық орталықтың құрылысы 2025 жылдың маусым айында басталып, қараша айында толық аяқталды. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 480 шаршы метрді құрайды. Орталықта қазіргі таңда 17 маман қызмет атқарады, оның ішінде 5 дәрігер және 12 медбике бар. Медициналық мекемеде балалар дәрігері, жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) дәрігері қабылдау жүргізеді.

Жаңа орталықтың ашылуы ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, уақытты үнемдеуге және сапалы әрі жедел көмек алуға мүмкіндік береді. Енді тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ, қажетті тексерулерді, кеңестерді және ем-шараларды өз ауылында ала алады. Бұл жоба ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып, халық денсаулығын қорғауға елеулі үлес қосады.

Сонымен қатар, орталықта заманауи құрал-жабдықтар мен диагностикалық техника орнатылған. Ультрадыбыстық зерттеу, жалпы қан анализі, гинекологиялық және балаларға арналған тексерулер сияқты қызметтерді қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес алу мүмкіндігі қарастырылған. Аудан әкімдігі болашақта осындай медициналық орталықтарды ауданның басқа ауылдық елді мекендерінде де ашуды жоспарлап отыр, бұл өңірдегі денсаулық сақтау саласын жүйелі дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Жалпы, жаңа орталық тұрғындар үшін медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, халықтың денсаулығын сақтау және профилактикалық шараларды қолжетімді ету бойынша өңірлік деңгейде іске асырылған ірі әлеуметтік жобалардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Қатысты жаңалықтар

❗️ОБЪЯВЛЕНИЕ ❗

bastynews

«JAS KEÑES SIYLIGI» 2025 ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНА ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАНУДА

bastynews

ТҮРКІСТАН: АҒАШТЫ «СӨЙЛЕТІП», ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШЕБЕР

Bastynews