▪️Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте осы бағыттағы іс-шаралар талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, өткен аптаның өзінде өңір елді мекендерінде 114 тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 32 945 тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 171 тонна қоқыс шығарылған. Бағдарламаны іске асыру және бекітілген жоспарлардың орындалуын қадағалау тұрақты түрде жүргізілуде.
📌– «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек көктем мен жазда ғана емес, жылдың 4 мезгілінде де жалғасуы керек. Әлі де тазалық бойынша шешуді қажет ететін мәселелер бар. Біз оны аудандарға іссапар барысында өз көзімізбен көріп жүрміз. Жұмысты жүйелі түрде жүргізу қажет, – деді Нұралхан Көшеров, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктей отырып.
▪️Өткен ай соңындағы тазалық іс-шараларының мысалы ретінде Сарыағаш ауданында кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылғаны аталды. Шара барысында 11 000 түп ағаш отырғызылып, 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері белсенділік танытқан. Сонымен қатар, 18 тонна қоқыс шығарылған. Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілген: бүгінгі күнге дейін 101 билборд орнатылып, 609 бейнеролик әзірленген.
▪️Экологиялық мәселелерге байланысты хабарламаларды қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесіне бүгінгі күнге дейін 3 423 өтінім түскен, оның 3 420-сы толық орындалған. Аудан-қала әкімдіктеріне платформаны халық арасында кеңінен насихаттау және оның тиімділігін арттыру тапсырылды.
▪️Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты 2025 жылдың басынан бері 27 137 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 554,1 млн теңге айыппұл салынған, оның 317,9 млн теңгесі өндірілген. Ауыл округі әкімдері өз құзыреті аясында шара қабылдап, 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеген, 41,9 млн теңге айыппұл салынған, оның 21,3 млн теңгесі өндірілген.
▪️Бағдарламаның тиімділігіне қосымша ретінде, тазалыққа жауапты мекемелер мен коммуналдық қызметтерге техникалық жабдықтау жұмыстары да жүргізілуде. Қоқыс шығару, жинау және сұрыптау процестерін жеделдету үшін арнайы техника мен контейнерлер жеткізілген. Сонымен қатар, жылдық жоспарға сәйкес, жол бойлары, саябақтар, мәдени және спорт нысандарының аумақтары, мектеп пен емханалардың айналасы тұрақты түрде тазартылып, көгалдандыру жұмыстары да қолға алынған.
▪️Нұралхан Көшеров бағдарламаның келесі кезеңіне нақты міндеттер қойып, әрбір аудан мен қала әкімінің жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Ол тазалық пен экологиялық тәртіпті қамтамасыз ету тек әкімдікке ғана емес, әрбір тұрғынға да тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастарды экологиялық тәрбиеге тарту, мектептер мен жоғары оқу орындарында ақпараттық акциялар өткізу, БАҚ арқылы тұрақты насихат жүргізу қажеттігі айтылды.
▪️Облыс әкімінің тапсырмасымен алдағы уақытта қоқыс шығару мен көгалдандыру бойынша жұмыстар жыл бойы 4 мезгілде де жалғасады. Аудан-қала әкімдіктеріне бекітілген жоспарларды нақты орындауды, қоғамдық бақылауды күшейтуді, тұрғындардың қатысуын арттыруды қамтамасыз ету міндеттелген. Бұл шаралар Түркістан облысының экологиялық ахуалының жақсаруына, қоқыс мәселесінің тиімді шешілуіне және өңірдің жалпы санитарлық мәдениетінің артуына ықпал етеді.
