«Әділет» партиясының Жастар қанаты жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Оқырман ұрпақ» жобасын іске қосты. Жоба аясында жастар кітап клубтарына бірігеді. Солай «Бір ай – бір кітап – бір кездесу» қағидаты бойынша ай сайын бір шығарманы оқып, бірге талқылайды.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасымен үндеседі. Негізгі мақсаты – гаджет пен ақпарат ағыны басым заманда жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, сыни ойлауын дамыту және өз пікірін еркін білдіретін тұрақты әдеби орта құру. Бастамаға 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаладағы шамамен 1500 жас қатысып отыр.
Түркістан облысында «Оқырман ұрпақ» қозғалысының тұсаукесері «Altynsarin» Түркістан облыстық балалар кітапханасында ұйымдастырылды. Жиынға түрлі әдеби клубтардың мүшелері қатысып, жастар арасында оқу мәдениетін дамытудың маңызын талқылады.
Түркістандағы бастаманың ерекшелігі – кітап оқуды бір форматпен шектемей, жастардың қызығушылығына қарай түрлі іс-шаралармен толықтыру. Алдағы уақытта кітап талқылауларымен қатар Quiz, пікірсайыс және интеллектуалды ойындар өткізу жоспарланып отыр.
«Бұл оқырман клубының жұмысын алдағы уақытта түрлі форматта жалғастырғымыз келеді. Тек дөңгелек үстелде бас қосып, кітап бойынша 2-3 сұрақ қойып, әркімнің жауабын тыңдаумен шектелмей, куиздер, пікірсайыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта интеллектуалды ойындар үлкен тенденцияға айналып келе жатыр», – деді «Әділет» партиясы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы.
Алдынғы жаңалық
