Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірге жұмыс сапарымен келген «Altyn Bank» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Байсыновты қабылдап, банктің инвестициялық бастамалары мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында тараптар экономикалық серіктестікті нығайту, өңірдегі қаржы секторының әлеуетін арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргізді.
Нұралхан Көшеров облыстың экономикалық, индустриялық және табиғи мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, Түркістан өңірі уран, алтын, темір рудасы және фосфорит сияқты бай табиғи ресурстарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ қолайлы климат ауыл шаруашылығын жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді.
– «Біздің өңір елімізде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша бірінші орында, сондай-ақ ет өнеркәсібінде шешуші рөл атқарады. Қазақстан бойынша ірі қара мал етінің экспортының 80%-ы және ұсақ мал етінің 75%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жалпы өңірде инвестициялық ахуал жақсы. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімі.
▪️ Облыс басшысы инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударды. Бүгінде өңірде 20 индустриялық аймақ пен аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Онда инвесторларға салық жеңілдіктері ұсынылып, жобаларды тиімді іске асыруға жағдай жасалған. Сонымен бірге, өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске асырылып жатыр. Инвесторлар үшін дайын ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
▪️ Кездесу барысында Нұралхан Көшеров банктердің қаржылық қолдау көрсету арқылы өңірде индустриялық жобаларды дамыту, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау, агроөнеркәсіптік кешендерді жаңғырту және туристік инфрақұрылымды кеңейту мәселелеріне ерекше мән беретінін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі «Altyn Bank» инвестициялық жобаларға қаржылық серіктес ретінде қатысу арқылы өңір экономикасының өсуіне ықпал ете алады деп атап өтті.
▪️ Мұрат Байсынов банктің өңірде бірқатар перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға дайын екенін және Түркістан облысымен серіктестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді. Ол сондай-ақ, «Altyn Bank» өңірдегі кәсіпкерлер мен инвесторларға қаржылық қолдау көрсету, несие және инвестициялық қызметтерді дамытуға қосымша мүмкіндіктер қарастыратынын айтты.
▪️ Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру, инвестициялық бастамаларды қолдау және экономикалық ынтымақтастықты арттыру бағытында өзара әрекет етудің негізгі қағидаларын бекітті. Алдағы уақытта нақты жобаларды қаржыландыру және инвестициялық ұсыныстарды іске асыру бойынша бірнеше келісімге қол жеткізу жоспарланған.
