Түлкібас ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында «Saumal DE Lux» туристік-сауықтыру кешені бой көтеруде.
Кешеннің негізгі бағыты – саумалмен емдеу, жылқы туризмі, табиғат аясында серуендеу, сондай-ақ ұлттық тағамдарды, соның ішінде таба нан мен қолдың майын дайындау дәстүрін жаңғырту. Сонымен қатар, нысан туристерге экологиялық таза өнімдер мен дәстүрлі ремеслаларды ұсыну арқылы мәдени-тарихи құндылықтарды сақтауға және өңірдің туризм әлеуетін арттыруға бағытталған. Кешенде қонақтарға арналған әртүрлі қызмет түрлері қарастырылып, демалыс орындары мен ойын-сауық, спорт инфрақұрылымы да жетілдіріледі.
Аудан әкімі Асқар Естібаев аталған нысанның құрылыс барысымен танысып, жұмыс сапасын бақылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоба 2026–2027 жылдар аралығында 3 кезеңмен жүзеге асырылатын болады.
1-кезең (2026 жыл) – жалпы ауданы 1280 шаршы метр заманауи қонақ үй, мейрамхана, жазғы алаңша және 3 бірегей типті коттедж аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Әр коттедждің аумағы 160 шаршы метрді құрайды. Бұл кезеңде туризм инфрақұрылымы толық қалыптасып, туристерге барлық қажетті қызметтер ұсынылады.
2-кезең (2026–2027 жылдары) – заманауи спорт кешені, жазғы бассейн, 10 глемпинг және 5 киіз үй салу қарастырылған. Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен 2 аспалы көпір салу, тау бөктерінде 1,5 шақырым жаяу жүргінші жолын құру жоспарлануда. Бұл кезең туристердің табиғатпен жақынырақ байланысуына, белсенді демалыс жасауына және отбасылық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
3-кезең (2027 жыл) – туристік бағыттарды толыққанды дамытуға, ауыл шаруашылығы мен қолөнер өнімдерін туристерге таныстыруға, ақпараттық-танымдық маршруттар құруға, сондай-ақ қосымша сервистер мен инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған. Бұл кезеңде кешен өңірдің туристік картасында маңызды орын алады, ішкі және халықаралық туристерді тарту мүмкіндігі артады.
Кешеннің алғашқы кезеңі 2026 жылдың наурыз айының екінші жартысында ашылады деп жоспарлануда. Жоба іске қосылған кезде ауданның туризм саласы жаңа қарқын алады, жергілікті экономика дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады және ауданның туристік әлеуеті айтарлықтай артады. Сонымен қатар, жоба экологиялық туризмді дамытуға, халыққа сауықтыру қызметтерін көрсетуге және мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.
Жалпы, «Saumal DE Lux» туристік-сауықтыру кешені Түлкібас ауданын елімізде және өңірлік деңгейде туристік бағыт ретінде танытуға үлес қосып, өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін стратегиялық нысанға айналмақ.
