Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Түркістан облысында «Айбын–2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын үздік команданы анықтауға арналған облыстық іріктеу кезеңі өтті. Байқау Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.
Іс-шара Төлеби ауданына қарасты «Бәйшешек» жазғы сауықтыру лагерінің базасында ұйымдастырылып, облыстың әр өңірінен келген жас сарбаздардың әскери дайындығы мен физикалық төзімділігі сынға түсті. Жарыстың ашылу салтанатына Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы күштер мен жергілікті қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, әскери-патриоттық ұйымдардың өкілдері қатысып, жастарға сәттілік тіледі.
Облыстық іріктеу кезеңіне Түркістан облысының аудан-қалаларынан 17 команда қатысып, жалпы саны 255 жас сарбаз өзара бақ сынады. Қатысушылар бірнеше күн бойы әскери-қолданбалы және спорттық бағыттағы сайыстарда күш сынасты.
Жас патриоттар белтемірге тартылу (ұлдар), ішті қатайту (қыздар), әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, сондай-ақ жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию сияқты маңызды пәндер бойынша өз дайындықтарын көрсетті. Сайыстар барысында қатысушылардың шапшаңдығы, тәртібі, төзімділігі мен командамен жұмыс істеу қабілеттері жан-жақты бағаланды.
– Болашақ Отан қорғаушыларды әскери қызметке баулу, олардың бойында патриотизм мен батырлық рухты қалыптастыру – біздің ортақ әрі басты міндетіміз. Биылғы іріктеу кезеңінде қатысушылардың дайындық деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды. Жарыс қорытындысы бойынша іріктелген 10 ұл мен 5 қыз Ақтөбе облысында өтетін «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында Түркістан облысының намысын лайықты қорғайды деп сенемін, – деді «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Аружан Шекербек.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Кентау қаласының командасы иеленсе, екінші орын Сайрам ауданының құрамасына бұйырды. Ал үшінші орынды Арыс қаласының командасы қанжығасына байлады. Үздік деп танылған команда мен жеке қатысушылар облыс атынан халықаралық деңгейдегі жарысқа жолдама алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға әскери-патриоттық тәрбиеге белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірілді.
Айта кетейік, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, әскери қызметтің маңызын түсіндіруге және ел қорғайтын тәртіпті, жауапты әрі қайсар азаматтарды қалыптастыруға бағытталған маңызды республикалық әрі халықаралық жоба болып табылады.
