Ақтөбе облысындағы «Хлебодаровка» әуе аймағы базасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық «Айбын–2025» әскери-патриоттық жастар жиыны салтанатты түрде өтті.
Халықаралық деңгейдегі бұл ауқымды шараға Қазақстанмен қатар Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінен келген әскери-патриоттық клубтар мен жас сарбаздар қатысты. Жалпы саны 800-ге жуық қатысушы бірнеше күн бойы әскери дайындық, физикалық төзімділік пен зияткерлік қабілеттерін сынап, өзара тәжірибе алмасты.
Байқау бағдарламасы саптық даярлық, әскери эстафета, автоматты бөлшектеу және жинақтау, алғашқы медициналық көмек көрсету, тактикалық жаттығулар, әскери әндер байқауы, сондай-ақ тарихи-танымдық және зияткерлік сайыстарды қамтыды. Қатысушыларға нақты әскери тәртіп, жылдам шешім қабылдау, командамен жұмыс істеу қабілеттері бойынша жоғары талап қойылды.
Аталған халықаралық жиында Түркістан облысының намысын Кентау қаласындағы «Жас Қыран» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қорғады. Жас сарбаздар барлық кезеңдерде жинақылық пен жоғары дайындық танытып, өздерінің физикалық және моральдық тұрғыдан мықты екенін дәлелдеді. Әсіресе саптық дайындық пен далалық жаттығуларда «Жас Қыран» командасы төрешілер тарапынан жоғары бағаланды.
Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының намысын қорғаған «Жас Қыран» әскери-патриоттық клубы жүлделі ІІ орынға ие болып, халықаралық деңгейдегі байқауда өңір абыройын асқақтатты. Бұл жетістік – жас сарбаздардың жүйелі дайындығының, жетекшілерінің кәсіби біліктілігінің және патриоттық тәрбиенің нәтижесі.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, кубоктар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар қатысушыларға әскери-патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді.
Айта кетейік, «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны – жасөспірімдер мен жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға, әскери қызметтің маңызын ұғындыруға және ел қорғауға дайын, тәртіпті әрі жауапты азамат тәрбиелеуге бағытталған маңызды жоба. Мұндай халықаралық форматтағы байқаулар жастардың өзара достығын нығайтып, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеяларын дәріптеуге де ықпал етеді.
