Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қаланың бас жоспары мен жыл соңына дейін пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандар, өндірістік орындардың даму қарқыны мен қаланың сәулеттік келбетін жетілдіру және инфрақұрылым сапасын арттыру мен абаттандыру бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Басқосуға қала әкімінің орынбасарлары мен жауапты бөлім басшылары, тиісті сала мамандары қатысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баянданды.
Жиында ең алдымен Түркістан қаласының бас жоспары талқыланды. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, алдағы уақытта Үкімет қаулысымен бекітілуі күтілуде. Сондай-ақ, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін әлеуметтік және өндірістік нысандардың, атап айтқанда тұрғын үйлер мен спорттық нысандардың, өндіріс орындарының пайдалануға берілуі сараланды.
Қала аумағындағы қараусыз қалған, талапқа сай келмейтін немесе ескірген нысандарды ретке келтіру, олардың сыртқы келбетін жаңартып, бекітілген дизайн-код талаптарымен сәйкестендіру мәселесі де ерекше назарға алынды. Бұл жұмыстар қаланың бірегей архитектуралық тұтастығын сақтап, туристік және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталатыны атап өтілді.
Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы сала мамандарына алдағы уақытта пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандардың айналасын толық абаттандырып, инфрақұрылымын сапалы аяқтауды тапсырды. Қала басшысы Түркістанның тазалығы мен жалпы сыртқы мәдени келбеті – қаланың даму деңгейін көрсететін басты өлшемдердің бірі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты ұдайы күшейтуді міндеттеді.
Мәжіліс барысында құрылыс саласына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар да жүктелді. Бүгінде спорттық инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасау мақсатында Бекзат мөлтек ауданындағы Жиделі көшесінде орналасқан спорт кешенінің құрылысын толық аяқтап, нысан аумағын абаттандыру, тал егу және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, кредиттік тұрғын үйлердің құрылысын жыл соңына дейін толық аяқтау міндеті қойылды. Қала әкімі бұл жобалардың тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттырудағы стратегиялық маңызын атап өтіп, жұмыстың мерзімінде, сапалы орындалуы — басты талап екенін қатаң ескертті.
Жиын қорытындысында Әзімбек Пазылбекұлы қаланың әрбір жобасы мен бастамасы Түркістан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын, барлық жауапты тұлғаларға жұмысты жоғары жауапкершілікпен әрі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
