Соңғы жаңалықтар

ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ҰСТАЗ «ҮЗДІК ПЕДАГОГ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Республика күні қарсаңында Астана қаласында өткен «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Аталған байқау еліміздегі педагог мамандығының беделін арттыру, үздік тәжірибелерді анықтап, қолдау көрсету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады.

Биылғы жылы байқауға республика көлемінде мектептер мен колледждерден 1 750 педагог қатысып, бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден кейін 64 мұғалім «Үздік педагог» атағына ие болды. Бұл – ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен жаңашыл ізденісін талап ететін жоғары деңгейдегі байқау.

Аталған үздіктер қатарынан Түркістан облысынан үш педагогтың танылуы өңірдегі білім беру саласының даму деңгейінің артқанын көрсетсе, солардың бірі – Қазығұрт ауданы мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының химия пәні мұғалімі Имадуллаев Олжас. Ол өз пәні бойынша заманауи оқыту әдістерін тиімді пайдаланып, оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға, ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға жүйелі түрде дайындауға ерекше көңіл бөліп келеді.

Имадуллаев Олжастың шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болып, мектеп-интернаттың абыройын асқақтатып жүр. Ұстаздың кәсіби біліктілігі, шығармашылық ізденісі мен педагогикалық шеберлігі республикалық байқау барысында жоғары бағаланды.

Салтанатты жиында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңімпаздарды құттықтап, ұстаз мамандығының қоғамдағы орны мен ел болашағын қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталды. Министрдің айтуынша, қазақстандық педагогтер жыл сайын халықаралық білім бәсекелерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

– Мемлекет педагогикалық қауымдастыққа үлкен сенім артып, жан-жақты қолдау көрсетуде. Биыл ғана еліміздің оқушылары әлемдік пәндік олимпиадаларда 26 медаль жеңіп алды, оның екеуі – алтын. Бұл – ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Педагог мәртебесін арттыру – мемлекеттің басым бағыты, – деді министр.

Айта кетейік, республикалық байқау жеңімпаздарына «Үздік педагог» куәлігі мен арнайы төсбелгі табысталып, 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (3,6 млн теңгеден астам) ақшалай сыйақы берілді. Бұл қолдау ұстаздардың кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, білім саласындағы үздік тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік жасайды.

Қазығұрттық ұстаздың бұл жеңісі – жеке жетістік қана емес, өңірдегі білім беру саласының жүйелі дамуының айқын көрінісі. Ол жас педагогтерге үлгі болып, өскелең ұрпақты білімге, ғылымға және шығармашылыққа баулудағы еңбегінің мемлекет деңгейінде жоғары бағаланғанын дәлелдейді.

Қатысты жаңалықтар

Жас мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру

Bastynews

БОЛМАСАҢ ДА ҰҚСАП БАҚ…

Bastynews

Ұлылардың кездесуі. Балуан Шолақ пен Қажымұқан белдескен бе?

Bastynews