Сарыағаш ауданында 17 қараша – Халықаралық студенттер күні қарсаңында студент жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, білім мен өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қызыққа толы студенттік өмір» атты ауқымды фестиваль өтті. Мерекелік шара студенттік шақтың маңызын айшықтап, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталды.
Фестивальге Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Біржан Байтуов және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов қатысып, студент жастарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Аудан әкімі өз сөзінде студенттік өмірдің адам өміріндегі ең жарқын әрі жауапты кезең екенін атап өтіп, жастарды білімге ұмтылып, елдің дамуына үлес қосатын білікті маман болуға шақырды.
— Студенттік шақ – жастықтың жалынды кезеңі, болашаққа жол ашатын маңызды белес. Осы жылдары алған білім мен тәжірибе ертеңгі өмірлеріңізге берік негіз болары сөзсіз. Әрдайым ізденісте болып, биік мақсаттарға ұмтылыңыздар, – деді Арман Абдуллаев.
Фестиваль студенттердің IT бағытындағы жобалары мен қолөнер бұйымдарының көрмесімен басталды. Көрмеде жастардың заманауи технологияларға бейімділігі мен ұлттық өнерге деген қызығушылығы айқын байқалды. Бұдан кейін әр колледжден келген командалар сахна төрінде шығармашылық қойылымдар ұсынып, ән, би, театрландырылған көріністер арқылы өз өнерлерін ортаға салды.
Байқау қорытындысы бойынша «Білімді ұрпақ» кезеңінде Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжі І орынды иеленсе, «Менің колледжім» кезеңінде Абу Али Ибн Сина колледжі жеңімпаз атанды. Ал «Ұмытылмас студенттік шақ» кезеңі бойынша Арыстанбаб жоғары колледжі І орынға ие болды. Тақырыптық көрініс аталымында Сарыағаш медресе колледжінің студенттері үздік деп танылды.
Шара соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Фестиваль студенттерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы 6 арнаулы орта оқу орнында 5 076 студент білім алуда, олардың 1 283-і жатақханамен қамтылған. Сонымен қатар, биыл 5 колледжге 1 075 мемлекеттік грант бөлініп, жастардың тегін әрі сапалы білім алуына жағдай жасалған. Бұл – өңірде білім мен жастар саясатын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрінісі.
