Наурызнама онкүндігі аясында Түркістан облысында жалпыұлттық “Таза Like” экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Бұл шара табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыру мақсатында өткізілді.
Акцияға облыс тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар, еріктілер және белсенді азаматтар белсенді қатысып, қала мен ауылдардағы қоғамдық орындарды, саябақтар мен скверлерді, су айдындарының жағалауларын, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартты.
Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Смадияр Сабировтың айтуынша, мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп, қаланы таза ұстауға айтарлықтай үлес қосады. «Бүгінгі сенбілік барысында жалпы көлемі 80 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 4 арнайы техника жұмылдырылды. Қаланың ең маңызды көшелері ғана емес, аулалар, қоғамдық орындар, ішкі орам жолдар және шет аймақтардағы қоқыс шығару орындары да тазартылды. Түркістан қаласының тазалығын сақтау – әкімдіктің басты назарындағы мәселелердің бірі», – деді ол.
Облыс әкімдігі сондай-ақ қоқысты сұрыптау және қайта өңдеуге жіберу жұмыстарын жандандыруға ерекше мән беріп отыр. 158 қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын полигон тіркелген, олардың барлығы құжаттандырылған. 2022 жылдың 9 айында жалпы 70 842 тонна қалдық жинақталған, оның 12 179 тоннасы қайта өңдеуге жіберіліп, жоспардың 17,19%-ы орындалған. Қазіргі таңда 19 мекеме сұрыптау, 3 мекеме қайта өңдеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Биыл облыс бюджеті есебінен 6 полигон санитарлық-экологиялық талапқа сай жабдықталмақ, ал аудандық бюджеттерден 37 полигонның құрылысын жүргізу үшін ЖСҚ әзірленуде.
Сонымен қатар, 2022 жылғы «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ деректері бойынша облыста 428 бей-берекет қоқыс орны анықталған, оның 312-сі тазартылып, қалғандары бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Экологиялық бастама тұрғындар арасында қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, қаланың көрікті келбетін сақтау мен жасыл белдеулерді қорғауға ықпал етеді. Жоспар бойынша, алдағы уақытта осындай акциялар тұрақты түрде өткізіліп, әрбір аудан мен ауылда тұрғындардың белсенді қатысуымен қоқыс шығару және сұрыптау жұмыстары жүргізілетін болады.
«Таза Like» акциясы – Түркістан облысын экологиялық тұрғыдан дамыған, таза әрі заманауи өңірге айналдыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
