Созақ ауданында биыл жыл басынан бері 179 млрд 568 млн 400 мың теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілген. Жалпы өңірдегі негізгі көрсеткіштер жыл сайын жоғарылап, өсім байқалады. Былтыр жыл қорытындысы бойынша аудан өнеркәсіп өнім көлемі мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының көрсеткіштері бойынша облыста көш бастаған. Бұл жайында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков мәлімдеді.
Аудан басшысының айтуынша, биылғы жылы өнеркәсіп саласында бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Атап айтсақ, агроөнеркәсіп кешенінде өнім көлемі артты, азық-түлік өндірісі мен құрылыс материалдары шығару саласында жаңадан іске қосылған кәсіпорындар экономикалық көрсеткіштерді арттыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Жалпы бағдарламаға былтыр 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 млрд 169 млн 410 мың теңгеге несие алған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту.
Аудан әкімі өңірдегі инфрақұрылым саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті:
– Қазіргі таңда Созақ ауданына қарасты 33 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 21-і 24 сағат бойы тоқтаусыз ауыз суға қосылса, 5 елді мекенге кесте бойынша беріледі. Табиғи газға қосылу бойынша да біршама тындырымды істер қолға алынған. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтылады.
Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы Созақ ауылында спорт алаңы құрылысына қаржы бөлінген және ол 2023 жылы пайдалануға берілген. Аудан орталығы Шолаққорғаннан Түркістан қаласына қарай бағыттағы жол бойында республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Мұхит Тұрысбеков сондай-ақ білім беру мен мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Аудан бойынша мектептер мен балабақшалар жөндеуден өткізіліп, спорттық және заманауи ойын алаңдары салынып жатыр. Бұл жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ауыл тұрғындарының демалыс және мәдени шараларға қатысуын арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімінің сөзінше, барлық атқарылып жатқан жұмыстар – Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және ауылдық жерлерді заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар болып отыр.
