Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАННЫҢ ТУРИСТІК НАРЫҚТАҒЫ ӘЛЕУЕТІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Киелі өңірдегі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне тоғыз айдың ішінде келушілер саны 253 мыңнан асқан. Оның ішінде 1403-і шетелдік турист болған. Бұл көрсеткіш Түркістан қаласының облыс орталығына айналғалы екі есе көбейер ме еді, жұқпалы індет туризммен қоса біраз саланы тежеді.

Сонымен, туристік нарықта Түркістанның туризм әлеуетін жылжыту қалай жүріп жатыр? Жыл басынан бері қандай жоспарлар жүзеге асырылды? Осы орайда, облыстың туризм саласындағы атқарған жұмыстарына аз-кем шолу жасасақ.

Жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына туризмнің де айтарлықтай қосар ықпалы зор. Осы жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының шет елдегі елшіліктеріне және шетелдік туристік компанияларға жалпы Түркістан облысының туристік әлеуеті туралы 220 хатпен бірге бейнероликтер мен жарнамалық-ақпараттық материал жолданған.  

Сонымен қатар, Түркістан облысының 47 нысаны, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы, Үкәшә ата кесенесі, Күлтөбе қалашығы т.б. әлемдегі ең ірі Tripadvisor саяхат туралы сайттың саяхатшылар бөліміне енгізілді. Айта кетейік, TripAdvisor 45 елде, 25 тілде жұмыс істейді, 70 миллионнан астам пайдаланушысы бар. Әлемдегі ең үлкен туристік сайтқа айналған 200 миллионнан астам адам пікір қалдырған.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туристік негізгі 5 бағыты бойынша туристерге арналған жадынамалар әзірленді.

Осы жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде еліміздегі өңірлердің және Түркістан облысының туристік әлеуеті атты көрмесі өтті. Ал 25-26 ақпан аралығында Өзбекстан Республикасының Ургенч қаласында екі елдің үкімет басшылары қатысқан аймақаралық ынтымақтастығының ІІ форумы аясында Түркістанның туристік саладағы жетістіктері таныстырылды. Форумда ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасының Ташкент, Самарқанд және Бұхара облыстарының әкімдіктері арасында туристік кластер құру, туристік объектілерді бір бағытта байланыстыру туралы келісімге қол қойылды.

12-13 наурыз аралығында «Жаңа талап» туристік компаниясымен бірлескен Шымкент қаласының 20 туристік бизнес өкіліне Түркістан облысының нысандарына ақпараттық тур ұйымдастырылды.

Туризм десе көз алдымызға ең бірінші көне орындар мен табиғаты әсем тау-тастар елестейтіні жасырын емес. Алайда, Түркістан қаласында туризм субъектісі ретінде қолөнершілікті де дамыту қолға алынған. Осы орайда, 19 қазанда қолөнерді кешенді зерттеу мақсатында жергілікті қолөнершілер қатысқан дөңгелек үстел өткізілді. Жиында аймақтың қолөнер өнімдерін ілгерілету, қолөнер және кәдесый өнімдері арқылы сату алаңдары мен аумақтық брендинг құру бойынша міндеттері талқыланды.

Қатысты жаңалықтар

Жолаушылар автобусы аударылды

Bastynews

Қасиет қонған жан болыпты

Bastynews

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРІКТІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Bastynews