Түркістан облысында Қазақстан Полициясының 33 жылдық мерейтойы аясында өңірлік Полиция департаментінде салтанатты шара өтті. Іс-шараға ішкі істер органының ардагерлері, облыс әкімдігінің басшылығы, полиция қызметкерлері мен жеке құрам қатысты.
Салтанатты жиын мерекелік бейнероликтің көрсетілімімен басталып, сахнаға ҚР Мемлекеттік туы құрметпен кіргізілді. Қатысушылар ҚР Әнұранын орындап, полиция қызметінде қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етті. Сонымен қатар, полиция қызметінің асқан жауапкершілігі мен батылдығын бейнелейтін театрландырылған қойылым көрсетілді, бұл шараға қатысушыларға тәртіп сақшыларының қызметінің қаншалықты маңызды екенін терең сезінді.
Алғашқы құттықтау сөзді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алып, өңірдің тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін күзетіп жүрген тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді. Сөзінде ол:
«Құрметті ішкі істер органдарының ардагерлері! Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, арамызда ақыл кеңестеріңізді аямай, қоғамның дамуына үлес қосып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Еліміздің қорғандары, қадірлі әріптестер! Заң мен тәртіп қағидаты мен қоғамдық тұрақтылық жолындағы еңбектеріңіз ел алдында елене берсін! Қызметте сәттілік пен абырой тілеймін!» – деп атап өтті.
Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік генералы Болат Қалмырзаев пен полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов өздерінің ыстық ықыласын білдіріп, тәртіп сақшыларының адал еңбегі мен кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында ҚР ІІМ тарапынан әртүрлі санаттағы марапаттар салтанатты түрде табыс етілді. Түркістан облысы ПД басшылығының грамота, алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары өңірдің өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше үлес қосқан қызметкерлерге берілді. Барлығы 100-ге жуық қызметкер өз еңбегі үшін лайықты марапатқа ие болды.
Айтулы іс-шара соңында марапатқа ие болған тәртіп сақшылары өздерінің шынайы алғыстарын жеткізіп, бұл марапаттар алдағы жұмыстарына жаңа серпін беретінін атап өтті. Шара барысында сахна төріне Асқар Жүнісбеков пен облыстың өнер майталмандары шығып, әндер шырқады, сондай-ақ мың бұралған бишілердің көрсетілімдері қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қонақтар естелікке суретке түсіп, ерекше позитивті көңіл-күйде тарқасты.
Мұндай салтанатты шаралар тәртіп сақшыларының кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, қоғамдағы полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтуға, қызметтің мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара болып табылады.
