Соңғы жаңалықтар

БЕЙБІТ ҚОЙШЫБАЕВ: АШАРШЫЛЫҚҚА ҰШЫРАМАҒАНДА, САНЫМЫЗ 50-60 МИЛЛИОНҒА ЖЕТЕР ЕДІ

Совет Одағының құрамында болған қазақ халқы үш дүркін – Түркістан Республикасында өмір сүрген кезінде 1917-1919 жылдары, Қазақ Республикасы заманында 1921-1923 жылдары және Үлкен Қазақстан дәуірінде 1931-1933 жылдары – ашаршылыққа ұшырады. Осы аштық жылдары ұзын саны төрт миллионнан астам адамнан айырылды. Егер жоғалтқан ықтимал табиғи өсім мөлшерін есепке алсақ, халқымыздың шығыны он миллионнан асқан еді. Егер мұндай қасірет кезікпегенде, бүгіндері қазақ халқы қатты өсіп, саны кемі елу-алпыс миллиондық межеге жеткен, еліміздің шын мәніндегі қожайыны болып отырар еді. Әсіресе 30-жылдарғы алапат ашаршылық халықты қатты күйзелтті, нағыз ұлттық апатқа ұрындырды. Аштықтың сол заманда, келешекте экономикаға, мәдени құрылысқа, ғылымға, жалпы рухани дамуға өлшеусіз зор үлес қосуы мүмкін небір болашақ таланттар өмірін жалмағаны шүбәсіз ғой. Яғни сіздің «ашаршылық пен қуғын-сүргіннің тарихи зардабы» жайындағы сауалыңызды «ашаршылық қазақтың санасын 40 жылға шегерді деп білеміз» деген тұжырымыңызды осы келтірілген цифрлар мен айтылған ойлар растайды ғой деп ойлаймын. Ал қуғын-сүргіндер, сотсыз, тергеусіз репрессиялар бұрынғы патшалық империяның орнына совет өкіметі орнап, билікке большевиктер келгеннен басталған ғой. Біздің республикамызды да қуғын-сүргіндер қатты қансыратты. Тап күресі желеуімен жүргізілген репрессиялар өз алдына, бізде ұлт мүддесін ойлаған азаматтарды қуғындау да кең жолға қойылды. Қазақстан диктаторы Филипп Голощекиннің тұсында жасалған солақай реформаларға қарсылық танытқан қозғалыстар жазалаушы органдардың қарулы күшімен аяусыз басып-жаншылды, қатысқандар қатаң жазаланды. Екі мәрте ірі сот үдерісі өтті. (Оларды бүгіндері «Алаш ісі» деп атайды). Осылар «Отыз екінші жыл» деген қанды сандармен санаға жазылып қалған алапат аштыққа ұласты. Мұның бәрі әлгінде айтылған Голощекиннің ел басқарған кезінде орын алды. Ол Қазақстанды ұлтсыздандыру ісін кең көлемде жүргізген қандықол большевик-қайраткер боп шықты. Оның елді қасіретке ұшыратқан біздегі қызметі әлі күнге әділ талданып, тиісті бағасын алған жоқ. Тіпті аштық боп жатқанын орталыққа уақытында айтыпты деп, оны ақтағысы келетін пиғылдар да бүгіндері кей тарихи шығармаларда бой көрсетіп қалып жүр. Сол заманғы қайраткерлердің іс-әрекеттері әлі толық зерттеліп, сараланған жоқ. Ашаршылыққа кінәлі деп басшылықта болған жекелеген азаматтарды атаймыз. Онымыздың ақ-қарасын да дәл ажыратып, күні бүгінге дейін нақты бағасын берген жоқпыз. Бұларды ашаршылық құрбандары қазіргі тарихта қаншалықты зерттелді, ашылмай, айтылмай жатқан тұстары бар ма деген сұрақтар ауқымында қарастыруға әбден тұрады ғой деп ойлаймын.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАЛЫҚ ФУТБОЛШЫ ЕУРОПА ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНДА ГОЛ САЛДЫ

bastynews

МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: «IKOMEK 109» ОРТАЛЫҒЫ ӨЗІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН КӨРСЕТТІ

Bastynews

«Осы неге ақыл айтқышсыңдар?» – Гүлзира Айдарбекова өзін сынағандарға жауап берді

Bastynews