Түркістан қаласында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған тағылымды іс-шара өтіп, кешегі нәубет жылдарының ауыр зардабын тағы бір жаңғыртып, тарихи әділеттің маңызын айқындады. Зұлмат жылдарда жазықсыз жазаға ұшырап, туған жерінен, жарық күннен айрылған мыңдаған боздақтың рухына тағзым етуге ел ағалары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, студент-жастар, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Шараның мазмұны биыл ерекше кеңейтіліп, тарихи жадты жаңғыртуға бағытталған бірнеше бөлімнен тұрды. Алдымен қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға, Алаш арыстарының бірі Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Қатысушылар оның ұлт мүддесі жолындағы күрескерлік ерлігін еске алып, репрессия құрбандарының рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Одан кейін арнайы дайындалған көркемдік композиция қойылып, Алаш қайраткерлерінің тағдыры, олардың әділдік пен еркіндік жолындағы жанкешті күресі сахна тілімен көрініс тапты. Көрермендер қуғын-сүргіннің бейкүнә жандардың отбасын қалай ойрандағанын, елдің санасына қандай жара салғанын айқын сезіне алды. Жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар жазықсыз жандардың рухына арналған әсерлі жыр шумақтары мен музыкалық композициялар орындап, атмосфераға тереңдік қосты.
Іс-шара барысында өңір тарихшылары, зиялы қауым өкілдері және әдебиеттанушылар тарихи деректерді негізге ала отырып, Түркістан өңіріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы тың мәліметтерді ортаға салды. Арнайы ұйымдастырылған фотоқұжаттық көрме сол жылдардағы құжаттар, мұрағаттық материалдар мен жеке естеліктер арқылы қатысушыларды терең ойға қалдырды.
Жастар үшін арнайы «Тарихтан тағылым» атты ашық кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, тарихи әділдікті қалпына келтіру жолында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берілді. Бұл бағыттағы шаралар жас буынның өткеннен сабақ алып, өз елінің тағдырына жауапкершілікпен қарайтын азамат болып қалыптасуына ықпал етуді көздейді.
Жиын соңында Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов:
«Елі, жері үшін жанын пида еткен арыстарымыздың ел тарихындағы орны ерекше. Олардың рухына құрмет көрсету — біздің адамдық борышымыз. Бейбіт күннің қадірін біліп, өткеннің сабақтарын жадымыздан шығармау — бүгінгі және келешек ұрпақ үшін аса маңызды міндет,» – деді.
Осындай тағылымы мол іс-шаралар қоғамды бірлікке шақырып, тарихи жадымызды жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын нығайта түседі. Түркістан қаласында ұйымдастырылған еске алу рәсімі — ұлттық рухтың тұғырын биіктетіп, ел тарихына деген құрметті тереңдететін маңызды қадам болды.
