Түркістан облысының Ордабасы ауданында отандық медициналық реагенттер өндіруге бағытталған жаңа фармацевтикалық кәсіпорын іске қосылды. Заманауи талаптар мен халықаралық стандарттарға сай жабдықталған «Дарын-2030» өндірістік нысаны Қарабастау ауылында орналасқан.
Жаңа кәсіпорын клиникалық-бактериологиялық зертханаларда кеңінен қолданылатын екі негізгі өнімді өндіреді:
- Қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны (стерильді)
- Қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы
Бұл өнімдер Қазақстандағы медициналық ұйымдарда жоғары сұранысқа ие. Бұған дейін шетелден жеткізілетін реагенттер енді өз елімізде, отандық мамандардың күшімен дайындалатын болады. Бұл – медициналық зертханаларды сапалы өніммен үздіксіз қамтамасыз етуге және сыртқы тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның құрылтайшысы – 40 жылдан аса тәжірибесі бар тәжірибелі провизор, фармацевтика саласының білікті маманы Гулия Джузенова. Ол өз сөзінде жаңа өндірістің ашылуы ел медицинасының дамуына бағытталған маңызды қадам екенін, сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылғанын атап өтті.
Ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөзінде зауыттың аймақ үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай жобалардың көбеюі – өңірде индустриялық-инновациялық дамудың қарқын алғанының нақты дәлелі.
Аудан әкімі Азат Оралбаев та тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтап, өндірістің ашылуын Мемлекет басшысының өнеркәсіпті әртараптандыру және импортты алмастыру саясаты аясындағы маңызды қадам ретінде бағалады.
«Бұл – аудан экономикасына тың серпін беретін жоба. Ендігі жерде елімізге қажет өнімдер өзімізде дайындалып, медициналық сектордың тұрақты дамуына үлес қосады», – деді аудан басшысы.
Рәсім соңында қатысушылар зауыттың өндірістік цехтарын аралап, заманауи технологиялардың жұмысы, реагенттерді дайындау, тазарту және қаптау үдерістерімен танысты.
Жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның ашылуы – Түркістан облысы үшін ғана емес, еліміздің медицина саласы үшін де маңызды бастама. Бұл жобаның іске асуы өңір экономикасын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және отандық фармацевтикалық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосады.
