Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ГАЗДАНДЫРУ КӨРСЕТКІШІ АЙТАРЛЫҚТАЙ АРТТЫ

Жетісай ауданындағы инфрақұрылымдық серпін: газ, ауыз су және әлеуметтік нысандар жаңғыртылуда.

Түркістан облысының Жетісай ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған кешенді инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде газдандыру жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Бір ғана апта ішінде үш елді мекеннің табиғи газға қосылуы – бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Ж.Ералиев ауылдық округіндегі С.Сейфуллин елді мекенінің газ жүйесіне қосылуы – тұрғындар үшін айрықша қуаныш. 2055 халқы бар елді мекенге тартылған ұзындығы 21,7 шақырымдық газ құбыры 269 үйдің жылыту жүйесін жаңа деңгейге көтереді. Жобаның жалпы құны 414 млн 443 мың теңгені құрап, құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде толық аяқталды.

Салтанатты шараға қатысқан аудан басшылары мен сала өкілдері жобаның өңір үшін маңызын атап өтті. Аудан әкімі Серік Мамытов округте жүзеге асқан бірқатар инфрақұрылымдық жұмыстарды тізбектей отырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы қарқын бәсеңдемейтінін жеткізді.

Әкімнің айтуынша, Бәйтерек ауылына таза ауыз су жеткізу мақсатында Жазықсай елді мекенінен жаңа құбыр тартылған. Жүзтерек көшесіне орта жөндеу жүргізілді. Ал Үтіртөбе ауылында қазылған ауыз су ұңғымасы қажетті санитарлық сараптамадан сәтті өтіп, қазір су жүйесіне қосылу кезеңіне жетті.

Округтегі әлеуметтік нысандар да жаңартылып жатыр. Арай елді мекенінде жаңа ойын алаңшасы мен саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Абай ауылындағы Ырысты көшесінде тұрғындар үшін аяқжол салу басталды. Жаңа дәуір елді мекенінде футбол алаңы салынып, спортпен шұғылдануға жаңа мүмкіндік ашылды.

Сейфуллин елді мекені – бір аптаның ішінде газға қосылған үшінші ауыл. Бұл – Жетісай ауданында жүргізіліп жатқан ауқымды газдандыру жұмыстарының көрінісі. Табиғи газдың қолжетімді болуы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, экологияға да оң әсер етеді, тұрмыстық шығындарды азайтады.

Түркістан облысында соңғы жылдары газдандыру көрсеткіші айтарлықтай артты. Жаңа жобалардың іске асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, ауылдардың инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтуде. Жетісай ауданындағы жұмыстар — мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуының айқын дәлелі.

Қатысты жаңалықтар

Әлемде кедейлік басталуы мүмкін

Bastynews

Талдықорғанда тәнін саудалаған ер адамдар ұсталды

Bastynews

ШЫМКЕНТ: РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 300-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫНА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

bastynews