Қоғам

ТҮРКІСТАН: «TURAN» АЭА-да 7 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ ҚАЛАНДЫ

Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму қарқыны күшейіп, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Өңір экономикасын әртараптандыру мен инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 7 млрд теңге болатын жаңа өндіріс кешенінің құрылысы басталды. Осы жобаның алғашқы қадамы саналатын капсула салу рәсімі Сауран ауданының Оранғай ауылында өтті.

Жоба аясында «BEREKE PLASTIC» зауытының құрылысы жүргізіліп, алдағы жылдары 7 заманауи өндірістік ғимарат бой көтереді. Бірінші өндірістік кешен келер жылдың ақпан айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл зауыт бір реттік пластик және қағаз бұйымдарын шығаратын республикадағы санаулы кәсіпорындардың бірі болмақ.

Іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров зауыттың өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және өндіріс орындарын ашу жұмыстары жанданып келеді. Түркістан облысы да бұл бағыттан қалыс қалмай, бірнеше ірі жобаларды қолға алды. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы – өңірдің экономикалық дербестігін нығайтып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтудың негізгі тетігі. Әр өндіріс орны – жаңа мүмкіндік, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл өңірдегі инвестициялық жобаларға 8 мыңнан астам жас түлек тартылмақ. Бүгінде облыс бойынша өндірістік нысандарға 2 290 жұмысшы маман қажет. Сонымен бірге аграрлық сектор, энергетика, техникалық мамандықтар және құрылыс саласы бойынша кадр тапшылығы байқалады. Осыған байланысты колледждерге жаңа мамандықтар бойынша лицензия беріліп, кадр даярлау жұмыстары басталды.

Жаңа зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 600–700 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда пластик пен қағаздан жасалған бір реттік ыдыс-аяқтың 18 түрі өндірілмек. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 65 жаңа жұмыс орны ашылады.

«TURAN» АЭА бүгінде өңірдің индустриялық орталығына айналып келеді. Жалпы аумағы 365 гектарды қамтитын аймақта қазіргі таңда 72 млрд теңге инвестиция тартылып, төрт жоба бойынша 500-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Инфрақұрылым толық дайын: инженерлік желілер тартылып, инвесторларға барлық жағдай жасалған.

Бұл жоба Түркістан облысының индустриялық әлеуетін одан әрі арттырып, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін берері сөзсіз.

Қатысты жаңалықтар

В Шымкенте прошла первая глобальная цифровая конференция Центральной Азии — Global Tech Wave Central Asia

bastynews

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ҚАРҚЫНДЫ ӨСІМДІ КӨРСЕТУДЕ

bastynews

АЛАШ АРЫСТАРЫН АҚТАУҒА АРНАЛҒАН 12 ТОМДЫҚ ЖИНАҚ — ОҚПУ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНДА

bastynews