Қоғам

ТҮРКІСТАН: АУҒАНСТАНДЫҚ ИНВЕСТОРЛАР «ШАҒЫН ӨНЕРКӘСІПТІК ПАРК» ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысына шетелдік капитал тарту, өңір экономикасын тұрақты дамыту және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру мақсатында халықаралық әріптестік белсенді түрде жолға қойылып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Ауғанстан Ислам Республикасынан келген іскер топпен кездесті.

Алдымен ауғанстандық делегация Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды аралап, өңірдің туристік және рухани әлеуетімен танысты. Қонақтар үшін «Ұлы Дала Елі» орталығы, Қ.А. Ясауи музейі және «Керуен сарай» көпфункционалды кешеніне экскурсия ұйымдастырылып, Түркістанның жаңа форматтағы даму үлгісі мен инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары таныстырылды.

Танысу сапары Сауран ауданындағы «Шағын өнеркәсіптік паркінде» жалғасты. Инвесторлар мұнда өңірдің өндірістік инфрақұрылымының мүмкіндіктерін көріп, паркте орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен жақыннан танысты. Олар тоңазытқыштар шығаратын халықаралық «UBS» зауытының, сондай-ақ заманауи жиһаз өндірісін жолға қойған «Aqniet Holding» кәсіпорнының қызметін көрді. Қонақтар парктің өндірістік қуатына, логистикалық мүмкіндіктеріне, инженерлік желілермен қамтылуына ерекше қызығушылық танытты.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы, өндірістік инфрақұрылымның даму қарқыны туралы кеңінен ақпарат берді. Ол шетелдік бизнес өкілдеріне өңірде инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайлар – жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым тарту, әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі шаралар туралы айтып өтті.

Ауғанстандық инвесторлар Түркістан облысының экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, өңірдің өнеркәсіптік аймақтарында бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендерін жеткізді. Олар әсіресе тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын шығару, логистика және өңдеу өнеркәсібі салаларында серіктестік орнатуға қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысында екі тарап сауда, инвестиция және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жоспарларды талқылап, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша келіссөздер жүргізуге уағдаласты.

Бұл кездесу Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланыстарын нығайтып, шетелдік капиталды тарту бағытындағы жұмыстың жаңа кезеңіне жол ашпақ.

Қатысты жаңалықтар

СУ САЛАСЫ МАМАНДЫҚТАРЫНА ТҮСЕТІН ТҮЛЕКТЕРГЕ ГРАНТ САНЫ 70%-ҒА АРТТЫ

Су саласы мамандықтарына бөлінетін грант саны 70%-ға артты

bastynews

ШЫМКЕНТТЕГІ ДЕНДРОСАЯБАҚ ЗАМАНАУИ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ЖАҢАРТЫЛУДА

bastynews

Дәмханаға барған астаналық 90 мың теңгеге жуық айыппұл төледі

Bastynews