Түркістан облысындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын жаңа өндіріс орнының капсуласы салтанатты түрде қаланды. Ауқымды жоба аясында «BEREKE PLASTIC» зауытының құрылысы жүргізіліп, заманауи технологиялармен жабдықталған 7 өндірістік кешен бой көтермек. Зауыттың алғашқы желісі 2026 жылдың ақпан айында іске қосылады деп жоспарлануда.
Облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру және өндірісті әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жаңа кәсіпорынның құрылуы өңір экономикасына тың серпін береді. Түркістан облысы соңғы жылдары индустрияландыру мен инвестиция тарту бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. Жаңадан ашылатын өндіріс орындары халықтың еңбекпен қамтылуына, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және аймақтың жалпы ішкі өнімінің ұлғаюына елеулі үлес қосуда.
Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасатын «BEREKE PLASTIC» зауыты полимер өнімдерін өндіру бағытында маманданбақ. Жоба толық қуатына шыққанда құрылыс, ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызмет және тұрмыстық секторда кеңінен қолданылатын бірқатар пластик бұйымдарын шығарады. Бұл ішкі нарықтағы импорттық өнімдерге тәуелділікті азайтып, отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Капсула салу рәсіміне арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның өңірдің индустриалды-инновациялық әлеуетін арттырудағы стратегиялық маңызына тоқталды.
Әкім өз сөзінде:
– «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бүгінде облыстың өндірістік хабына айналып келеді. Инженерлік инфрақұрылым дайын, инвесторларға жасалған жағдай қолайлы. «BEREKE PLASTIC» зауыты іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, өңірдің экспорттық әлеуеті де артады. Бұл – экономикалық дербестігімізді күшейтетін маңызды қадам», – деп атап өтті.
Жоба толық жүзеге асқанда 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, зауытта жаңа технологияларды қолдану арқылы энергия тиімділігі жоғары, экологиялық талаптарға сай өнім түрлері өндіріледі.
Облыс әкімдігі мен инвесторлар арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасады. «TURAN» АЭА-да қазірдің өзінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып, жаңа кәсіпорындардың құрылысы басталуда. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық климатын жақсартып, кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға оң әсерін тигізуде.
Жалпы, Түркістан облысы үшін жаңа өндіріс орындарының ашылуы – экономикалық тұрақтылықты нығайту, жаңа технологияларды енгізу және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың нақты көрінісі.
