Сауран ауданында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық районына қарасты Сауан қаласының ресми делегациясымен кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – екі өңір арасындағы экономикалық, мәдени және әлеуметтік бағыттағы әріптестікті нығайту, жаңа бастамаларды талқылау және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту болды.
Кездесудің негізгі бөлігінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз сөйлеп, ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Ол екі өңір арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, Сауран ауданының инвестициялық, туристік және кәсіпкерлік әлеуеті жөнінде Сұлтанғали Шакиров, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысы, ақпарат берді. Ол өңірдің экономикалық мүмкіндіктері, бизнес жүргізу жағдайлары және туризм саласындағы жаңа бағыттарды таныстырды.
Қытай Халық Республикасының Сауан қаласының әкімі Ербол Төлегенұлы өз сөзінде екі өңір арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Ресми басқосуда ауыл шаруашылығы, туризм, өндіріс, инфрақұрылым және әлеуметтік жобалар бойынша өзара ұсыныстар талқыланды. Тараптар алдағы бірлескен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақтылап, әлеуетті жобаларды пысықтады. Жиын соңында қатысушылар екіжақты әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілуіне сенім білдіріп, ресми сапарға ризашылықтарын жеткізді.
Сапар барысында делегация мүшелері Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парк нысандарын аралап, өңірдің индустриялық әлеуетімен танысты. Қонақтарға ауданның жетекші кәсіпорындарының жұмысы көрсетілді.
Делегация жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін BNK Group серіктестігінің өндірістік цехтарын көрді. Кәсіпорын америкалық Nelson Irrigation компаниясымен әріптестік аясында «BNK IRRIGATION» брендімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды шығарады. Бұл жоғары технологиялық жабдық ауыл шаруашылығын заманауи әрі үнемді тәсілмен дамытуға мүмкіндік береді.
Сапардың жалғасы ретінде Сауан делегациясы Aqniet Holding кәсіпорнының өндіріс алаңында болды. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірумен айналысып, соңғы үш жылда 50-ге жуық мектепті қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта кәсіпорын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес стандартталған жиһаз үлгілерін шығарып, оларды республикадағы оқу мекемелеріне жеткізуде. Сонымен қатар мекеме KAZMEDPRIBOR компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына арналған медициналық жабдықтарды өндіруді жүзеге асыруда.
