Түркістан облысы соңғы жылдары экология мен санитарлық тазалық мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың қарқын алуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Таза Қазақстан» бағдарламасы зор серпін берді. Бағдарлама аясында елдің барлық өңірінде сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі жетілдіріліп, коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді.
Жетісай ауданы да аталған бағдарлама бойынша нәтижелі жұмыстармен көзге түсуде. Соңғы екі жылдың ішінде ауданда санитарлық тазалыққа арналған техникалық базаны күшейту бойынша нақты қадамдар жасалды. 2023 жылы кәсіпкер-меценат Бахаридин Абдазмимовтың демеушілігімен 55 млн теңгеге бірнеше жаңа техника алынған болатын. Бұл ауданның қоғамдық ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге арналған маңызды үлес болды.
2024–2025 жылдары бұл жұмыс өңір әкімдігінің қолдауымен жалғасын тапты. Облыстық бюджеттен бөлінген 272,25 млн теңгеге аудандағы коммуналдық шаруашылық мекемелеріне 16 бірлік жаңа техника алынды. Мұндай жаңартулар жыл сайын артып отырған халық саны мен инфрақұрылым көлеміне байланысты коммуналдық қызмет сапасын арттыру үшін аса қажет.
Жаңа техникаларды табыстау рәсімінде аудан әкімі Серік Мамытов коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, тұрғындарды тазалықты сақтауға бірлесе атсалысуға шақырды.
Ауданға алынған техникалар көпфункциялы сипатта:
- Қыс мезгілінде қар тазалау, көктемде құм мен шаңды жинау,
- Тротуарлар мен аулаларды тазалау,
- Қоқыс тасымалдау және көше сыпыру жұмыстарын механикаландыруға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде қол еңбегінің көлемін азайтып, жұмыс жылдамдығын едәуір арттырады.
«Таза Қазақстан» акциясы аудан тұрғындарын табиғатқа жанашырлықпен қарауға, көшелер мен саябақтардың тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндеп отыр. 2024 жылдың басынан бері аудан бойынша 75 ірі сенбілік, мыңдаған шағын тазалық шаралары өткізіліп, 680 тоннаға жуық қалдық шығарылған. Бұл – аудан тұрғындарының белсенділігі мен бірлігінің айқын көрінісі.
Бұдан бөлек, жол бойларына орнатылған экологиялық бағыттағы 14 баннер тазалықты сақтауға шақырып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық жұмыстың бір бөлігі болып отыр.
Жетісай ауданы алдағы уақытта да коммуналдық қызметтің тиімділігін арттыруды, экологиялық мәдениетті көтеруді, жаңа техникалар санын көбейтуді жоспарлап отыр. Әкімдік тарапынан қосымша 13 трицикл сатып алу қарастырылуда.
Жалпы алғанда, жаңа техникалардың берілуі – ауданның тазалық саласын күшейтетін, экологиялық жағдайды жақсартатын, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. «Таза Қазақстан» бастамасының нәтижесінде Жетісай өңірі жыл өткен сайын көркейіп, санитарлық талаптарға сай, жайлы және тұратын орта қалыптастырып келеді.
