Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ГИДРОТЕХНИКАЛЫҚ ЖОБАЛАР: СУ ТАПШЫЛЫҒЫНА ҚАРСЫ ТИІМДІ ШЕШІМДЕР

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді басқару және ауыл шаруашылығының дамуын қолдау мақсатында ірі гидротехникалық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің жұмыс сапары барысында облыс тұрғындарына каналдарды реконструкциялау, су қоймаларын салу және суару жүйелерін жаңғырту жұмыстары туралы егжей-тегжейлі баяндалды.

Биыл облыста 5 ірі ирригациялық каналды реконструкциялау жобасы іске асырылып, 51 589 гектар егістікке су жеткізу сапасы артпақ. Сонымен қатар, Шардара ауданында «Қызылқұм» ирригациялық-дренаждық жүйесін жаңарту арқылы 20 мың гектар жердің мелиорациялық жағдайы жақсарады. Жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған.

Облыстың сегіз ауданында тік дренаж жүйесіне жататын 95 ұңғыма реконструкцияланып, 512 ұңғымаға күрделі жөндеу жүргізіліп, 732 ұңғыма қайта қосылады. Бұл жұмыстар биыл Шардара ауданында 44 мың гектар жердің жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Суару жүйелерінің жаңартылуы егістік алқаптардың өнімділігін арттырып, жердің құнарлылығын сақтауға септігін тигізеді.

Жобалар тек ауыл шаруашылығына ғана емес, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге де бағытталған. Шардара қаласында топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде, ол келесі жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Төлеби ауданында «Қарақуыс», Бәйдібек ауданында «Бәйдібек-ата» су қоймалары салынып жатыр, ал «Боралдай» және «Иқансу» су қоймаларын салуға жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұдан бөлек, үш су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу және 40 гидротехникалық құрылыс нысанына көпфакторлы зерттеу жүргізу жоспарланған.

Министр Нұржан Нұржігітов атап өткендей, өткен вегетация кезеңі ауыл шаруашылығының тиімділігін суды ұқыпты және жауапкершілікпен басқаруға тікелей байланысты екенін көрсетті. Сондықтан су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу және гидротехникалық нысандарды реконструкциялау негізгі басымдыққа айналды.

Бұл шаралар судың шығынын азайтып, ауылшаруашылық өндірістің өнімділігін арттыруға, халықтың суға қолжетімділігін қамтамасыз етуге, ауылдық инфрақұрылымды жақсартуға және өңірдің экономикалық дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобалар экологиялық тұрақтылықты сақтау мен су ресурстарын ұтымды пайдалануға қосқан үлесі арқылы өңірдің ұзақ мерзімді дамуына стратегиялық маңызға ие.

Қатысты жаңалықтар

Бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар

Bastynews

«Қайыршысы жоқ ел бақытты» Әлеуметтік масылдық феномені

Bastynews

ЖЕТІСАЙДА АРДАГЕРЛЕРМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ ӨТТІ

bastynews