Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫ: 121 ЖОБАНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында биыл жоспарланған ірі жобалар мен құрылыс жұмыстарының орындалу барысы сала мамандарының тұрақты бақылауында. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Жиынға Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбеков, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасов, сондай-ақ аудан-қала әкімдіктерінің жауапты мамандары қатысты. Күн тәртібінде экономика өсімі, инвестициялық ахуал, индустриалды аймақтардың құрылыс қарқыны, «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында берілетін жеңілдетілген несие мәселелері, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары және өрт сөндіру бекеттерін салу жайы талқыланды.

Жүргізілген мониторингке сәйкес, биыл жүзеге асырылуы тиіс 121 іс-шараның 41 пайызы толық орындалған. Ал 14 жоба бойынша түрлі қиындықтар анықталып, оларды шешу жолдары жан-жақты қаралды. Талғат Қозбеков жауапты мамандарға тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау керектігін ескертіп, кез келген мәселені орын алған жерде шешуді жүктеді.

– Жиналыста көтерілген түйткілдер айтылып қана қоймауы керек. Қандай да бір проблема болса, оны кабинетте емес, нақты жеріне барып шешкен жөн. Әр тапсырмаға жіті мән беріп, жоспарлы жұмыс жүргізіңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өңірдің индустриялық әлеуетін арттыру мақсатында бірнеше ірі жобаның жүзеге асу барысы баяндалды. Кентау қаласында құны 360 млн теңгені құрайтын «Bereke Құрылыс Сервис» ЖШС-ның қағаз майлықтар мен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын жаңа өндірісі іске қосылмақ. Бұл жоба өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қосады.

Сонымен бірге Түлкібас ауданында каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций мен цемент өнімдерін өндіретін «Састөбе химиялық кешені» жобасы таныстырылды. Кешен іске қосылған жағдайда 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Білім саласы бойынша биыл 20 жаңа мектеп пайдалануға берілді: оның 12-сі жекеменшік, 8-і «Келешек мектептері» аясында салынған. Тағы бір жаңа мектептің құрылысы толық аяқталып, ашылуға дайын тұр.

Мәжіліс соңында Қазығұрт, Отырар және Сарыағаш аудандарында орналасқан өрт сөндіру бекеттеріне күрделі жөндеу жүргізу жұмыстарының жобасы қаралып, қажетті техникалық құжаттар пысықталды.

Түркістан облысында экономика, индустрия, әлеуметтік және инфрақұрылым салаларын дамыту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Қатысты жаңалықтар

АУҚЫМДЫ ӨНДІРІС – ТҰРАҚТЫ ДАМУ НЕГІЗІ

bastynews

Антон Бредихин: «Қазақ деген ұлт болмаған»

Bastynews

Шымкентте спорттық атудан XVI Азия чемпионаты ресми түрде басталды

bastynews