Түркістан облысында инвестиция тарту саласында жүйелі жұмыс жалғасуда. 2025 жылы өңір басшысы Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесіп, жаңа өндіріс жобаларын жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау, экономикалық ынтымақтастықты нығайту және аймақта өндіріс саласын дамыту мәселелері жан-жақты қаралды.
Нұралхан Көшеров облыстың географиялық орналасуы мен стратегиялық маңызын атап өтті. Түркістан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өңірге өндірістік өнімді әлемдік нарыққа тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстан мақта талшығын экспорттаушы ел ретінде белгілі болса да, дайын өнімдер бойынша (жіп, мата, киім-кешек) импортқа тәуелді. Сондықтан осы бағыттағы өндірісті дамытуға аймақта үлкен әлеует бар, ал жаңа өндіріс орындарын ашу өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы экономикалық аймақ «TURAN» құрылған. Мұнда салықтық жеңілдіктер, кедендік жеңілдіктер және дайын инфрақұрылым бар. Сонымен қатар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторлармен ынтымақтастық орнатылып, жаңа жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл механизм шетелдік және отандық капиталды тартудың тиімді құралына айналып отыр.
Инвестициялық көрсеткіштер нақты деректермен де расталады. 2025 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 1 трлн. 12,2 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 115,9%-ға өсті. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспардан асып түсті. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық тартымдылығының артқанын, жаңа өндіріс орындарын ашу үшін жағдайдың толық дайын екенін дәлелдейді.
Сонымен қатар, жаңа жобалар іске асырылған жағдайда жергілікті халыққа тұрақты жұмыс орындары ашылады, экономикалық белсенділік артады, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қамтамасыз етіледі. Жұмыс орындарының өсуі жастар мен әйелдердің еңбекке тартылуына ықпал етеді, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, аймақтың әлеуметтік тұрақтылығын арттырады.
Жалпы, Түркістан облысының инвестициялық серпіні мен өндіріс саласындағы жаңа жобалар өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалдырып отыр. Бұл үрдіс алдағы жылдары өңірді Қазақстандағы жетекші индустриалды-халықаралық инвестициялық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
