Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРПІН: ЖАҢА ЖОБАЛАР МЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР

Түркістан облысы соңғы жылдары инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2025 жылы өңір басшысы Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды қабылдап, әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізді. Кездесуде жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, өңірдің инвестициялық климаты мен инфрақұрылымдық артықшылықтары талқыланды.

Өңір басшысы атап өткендей, Түркістан облысының географиялық орналасуы стратегиялық маңызды болып саналады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі облыс арқылы өтеді, бұл әлемдік нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан мақта талшығын экспорттаушы ел ретінде танылса да, дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашу мен дамыту үшін аймақта зор әлеует бар.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы экономикалық аймақ «TURAN» құрылған. Мұнда салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде. Келіссөз барысында инвесторлар жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі екендерін білдірді, ал өңір әкімдігі барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Инвестициялық көрсеткіштер де оң динамикада. 2025 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 трлн. 12,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,9%-ға артты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық тартымдылығының артқанын және жаңа жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайдың қалыптасқанын дәлелдейді.

Жалпы, Түркістан облысындағы инвестициялық серпін өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары жаңа жобалардың іске асырылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Сонымен қатар, өңірде инновациялық өндірістерді дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға және шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінуде.

Қатысты жаңалықтар

Прогноз погоды на 4 марта: в южных регионах Казахстана ожидается похолодание

bastynews

ШЫМКЕНТТЕГІ ЖЕКЕМЕНШІК УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ

bastynews

ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ АШЫЛДЫ

bastynews