Түркістан облысында инвестиция тарту және өндірісті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2025 жылы облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды қабылдап, жаңа жобаларды іске асыру бойынша келіссөз жүргізді. Кездесуде өңірдегі экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық артықшылықтар, сондай-ақ инвесторларға көрсетілетін қолдау шаралары жан-жақты талқыланды.
Облыс басшысы Түркістанның географиялық орналасуы мен стратегиялық маңызын атап өтті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өңір арқылы өтеді, бұл халықаралық нарықтарға өнімді тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстан мақта талшығын экспорттаушы ел ретінде танылғанымен, дайын өнімдер (жіп, мата, киім-кешек) бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан өңірде жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашу және дамыту әлеуеті зор, бұл жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастырып, экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға жол ашады.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы экономикалық аймақ «TURAN» құрылып, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы жаңа жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Кездесу барысында инвесторлар жаңа өндіріс орындарын ашуға ниет білдіріп, өңір әкімдігі оларға толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұл механизм шетелдік және отандық капиталды тартуға және өндіріс секторын дамытуға тиімді мүмкіндік туғызады.
Инвестициялық деректер де оң көрсеткіштерге ие: 2025 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 1 трлн. 12,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,9%-ға өсті. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жоспарланған межеден асып түсті. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және жаңа өндіріс орындарын ашуға толық мүмкіндіктің бар екенін көрсетеді.
Жаңа жобалардың іске асуы тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын құруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, жергілікті экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа жобалар өңірдің инфрақұрылымдық дамуына серпін береді: өнеркәсіптік парктер, көлік-логистика және энергетикалық желілер жаңарып, өңірдегі экономикалық экожүйенің тиімділігі артады. Бұл өндіріс орындарының жұмыс істеу тиімділігін арттырып қана қоймай, экспортқа бағытталған өндірістің дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және қосылған құн көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
