Ақпарат

ТҮРКІСТАНДА БИЫЛ 138,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласы аумағында ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, қауіпсіз қозғалыс ортасын қалыптастыру және туризмді дамыту мақсатында 2025 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жоспарға сәйкес 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу енгізілді. Бұл — соңғы жылдары қалада жол сапасын жақсартуға бағытталған ең ауқымды шаралардың бірі. Жоба толық жүзеге асқанда, жолдардың сапалы үлесі 66,7 пайызға дейін артып, көлік қозғалысының тұрақтылығы мен қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарады.

Қазіргі таңда қаладағы маңызды бағыттардың бірі — Бейімбет Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Ұзындығы 1,98 шақырымды құрайтын көше қаланың орталық бөлігін шағын аудандармен байланыстыратын негізгі магистральдардың бірі саналады. Бүгінге дейін 850 метрде жол негізі әзірленіп, 700 метр аумақта ескі асфальт қабаты алынып тасталды. Қазір 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Реконструкция аясында тек жол төсемі ғана емес, жаяу жүргіншілер жолдары, су ағар және арық жүйелері, жарықтандыру желілері, жол белгілері мен бағдаршамдар да толық жаңартылады. Нысанды 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында толық пайдалануға беру жоспарлануда.

Б.Майлин көшесінен бөлек, қалада Шәуілдір тасжолына шығатын тірек бағыттар, Қызылжар, Отырар, Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистраліне жалғанатын көшелер, сондай-ақ ішкі орамдық жолдардың біраз бөлігі жөндеуден өтуде. Әсіресе халық көп жүретін әлеуметтік нысандарға апаратын бағыттарға — мектеп, балабақша, емхана, мәдени орталық және спорт кешендері маңындағы жолдарға ерекше басымдық берілген.

Қала әкімдігі барлық нысан бойынша құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Арнайы мониторингтік топтар мен техникалық қадағалау қызметі күнделікті тексеріс жүргізіп, жол құрылысына қолданылатын материалдардың стандартқа сай болуын, жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қадағалауда. Тұрғындар тарапынан келіп түсетін ұсыныстар мен өтініштер де назарға алынып, жаңа жоспарларға енгізіліп отырады.

Жол жөндеу жұмыстары аяқталған соң, жаңартылған көшелер бойында жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, қосымша LED жарық шамдары орнатылады. Сонымен бірге жол жиектері абаттандырылып, жасыл аймақтар кеңейтіледі, веложолақтар мен қауіпсіздік аралшалары қарастырылады. Бұл өз кезегінде Түркістанның инфрақұрылымдық келбетін жақсартып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Жалпы, Түркістан қаласында соңғы жылдары жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар — Түркістанды өңірлік әрі халықаралық деңгейдегі маңызды орталыққа айналдыру жолындағы жүйелі қадамдардың бірі.

Қатысты жаңалықтар

АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ» АШЫЛДЫ

bastynews

Ақбастаудан жаңа 300 орынды мектеп соғылады

Bastynews

В Шымкенте газифицирован микрорайон «Қарабастау»

bastynews