Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастыру мен академиялық сауаттылығын арттыру – халықаралық стандарттар деңгейіндегі басты міндеттердің бірі. Осы бағытта Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында оқушылардың ғылыми қоғамдастығының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, зерттеушілік дағдыларды дамытуға арналған әдістемелік семинар ұйымдастырылды.
Семинарға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің биология және география кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Кенжебай Рабиға Нөкербекқызы арнайы шақырылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының теориялық-методологиялық негіздері, ғылыми жоба жазу алгоритмі және тақырып таңдау критерийлері бойынша тың идеялар мен тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті.
Спикердің мазмұнды баяндамасында төмендегі маңызды аспектілерге ерекше назар аударылды:
- зерттеу тақырыбының өзектілігін негіздеу;
- ғылыми жаңалық пен практикалық маңыздылықты тұжырымдау;
- зерттеу құрылымын жүйелі жоспарлау (кіріспе, теориялық бөлім, әдіснама, нәтижелер мен қорытынды);
- дереккөздермен академиялық жұмыс жасау ережелері;
- халықаралық ғылыми форматтарға (APA, MLA, Chicago) сәйкестік.
Семинар барысында оқушылар мен ғылыми жетекшілер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты және ғылыми негізделген жауаптар берілді. Сонымен қатар, ғылыми жобаларды жетілдіру, гипотеза құру, деректерді сараптау және нәтижелерді интерпретациялау бойынша да нақты әдістемелік ұсыныстар ұсынылды.
Аталған іс-шарада оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, ғылыми ойлау, талдау, салыстыру және дәлелдеу секілді жоғары деңгейлі когнитивтік дағдыларды тәжірибе жүзінде дамытты. Семинар аясында өткізілген шағын практикалық тренингтер оқушыларға зерттеу жоспарын дайындау мен зерттеу мақсатын нақты тұжырымдауға машықтануға мүмкіндік берді.
Халықаралық білім беру кеңістігінде ғылыми сауаттылық пен зерттеу құзыреттілігі — XXI ғасыр оқушысының негізгі бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Осы тұрғыда, мектеп қабырғасынан бастап білім алушыларды академиялық мәдениетке баулу, оларды ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға жүйелі дайындау — білім беру ұйымының стратегиялық дамуының маңызды көрсеткіші.
Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы бұл бағытта нақты, кезеңдік жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта да оқушылардың зерттеушілік әлеуетін ашу, академиялық жазылым мәдениетін қалыптастыру және ғылыми ортаға бейімдеу бойынша осындай іс-шаралар жалғасын табатын болады.
