Ақпарат

САЙРАМ АУДАНЫНДА ҚҰНЫ 2,5 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСАТЫН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Құны 2,5 млрд теңгеден асатын жоба аясында Қайнарбұлақ ауылдық округінде ауданда баламасы жоқ заманауи көпфункционалды қойма кешені салынады.

Жоба аумағында келесі нысандар кешенді түрде орналаспақ:

  • кең ауқымды қойма алаңдары,
  • газобетон және пластик өндіріс цехтары,
  • көлік жөндеу және сервис орталығы,
  • келушілерге арналған кафе мен қонақ үй,
  • 3 гектар аумақты қамтитын тир-парк және демалыс аймағы.

Аудан әкімі Мадияр Оразалиев пен «TorSel Group» ЖШС басшысы Ахмет Орушұлы арасындағы кездесуде жобаның егжей-тегжейі талқыланып, іске асыру кезеңдері мен инфрақұрылымдық дайындық мәселелері қаралды. Әкімдік тарапынан жобаны қолдау, қажетті инженерлік инфрақұрылымды дайындау, жер қатынасы мен әкімшілік рәсімдерді жылдамдату бойынша барлық шаралар қарастырылатыны атап өтілді.

Жоба толық жүзеге асқан жағдайда, 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ, бұл өз кезегінде аудан экономикасына жаңа серпін беріп, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік ашады. Өндіріс цехтарының іске қосылуы ауданның құрылыс материалдарына деген сұранысын жергілікті деңгейде қамтамасыз етеді және өңірдің логистикалық әлеуетін арттырады.

Кешеннің көлік сервисі мен қойма алаңдары ауданның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және нарыққа жеткізу жүйесін тиімді етеді. Бұл шаралар аудан кәсіпкерлерінің инвестициялық сенімін арттырып, жаңа кәсіпорындар мен сервистік орталықтардың құрылуына жол ашады.

Жоба құрылысы 2026 жылы басталуы жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, инфрақұрылымдық талаптар зерттелуде, инженерлік желілер мен көлік қатынасы жолдарына дайындық жүргізілуде.

Аталған кешеннің іске қосылуы Сайрам ауданының экономикалық даму деңгейін едәуір арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, кәсіпкерліктің дамуына және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді. Жоба ауданды логистикалық және өндірістік хаб ретінде дамытудың маңызды бастамасы болып табылады.

Сонымен қатар, жобаның әлеуметтік мәні де зор: тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіби біліктілікті арттыру мүмкіндіктері пайда болады, қызмет көрсету және демалыс аймақтары салынады, бұл жергілікті қауымдастықтың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Қатысты жаңалықтар

Алматы: «Дәрігерлер соқырішекті анықтай алмай, қызымыздан айырылдық»

Bastynews

«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ 40 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕГІ КЕЛДІ

Bastynews

ЗАМАНАУИ ЗЕРТХАНА: «ОЛИМП» КЛИНИКАЛЫҚ-ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

bastynews