Ақпарат

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖАҚСЫ ЖӘНЕ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚ ЖОЛДАРДЫҢ ҮЛЕСІ 70 ПАЙЫЗДАН АСҚАН

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы бастаған жұмыс тобы Қабланбек ауылдық округіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралап, өңірдегі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Алдымен топ Сіргелі елді мекеніндегі ішкі көшелерге жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударды. Аудан басшысы мердігер мекемеге нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың белгіленген мерзімде әрі барлық техникалық талаптарға сай аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне техникалық қадағалауды күшейту жөнінде міндеттер жүктелді.

Бүгінгі таңда Сіргелі елді мекеніндегі Қызқұдық, Есқұлов және Д.Спанов көшелерінде жалпы ұзындығы 1,75 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызқұдық көшесінің бойына 1 700 метр суағар мен 985 метр аяқжол салынып, 22 дана екіжақты түнгі жарықшамдар орнатылды. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен көшелердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Аудан бойынша елді мекендердегі жолдардың жалпы ұзындығы мынадай:

  • асфальтпен жабылған – 596,5 шақырым,
  • шағал тастан салынған – 358 шақырым,
  • топырақ жол – 35,5 шақырым.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қазіргі таңда 31,757 шақырым жолға асфальт жабындысы төселіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71%-ға жетті. Бұл көрсеткіш тұрғындардың көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, әлеуметтік нысандарға, мектептер мен медициналық мекемелерге қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ауылдық елді мекендердің экономикалық дамуы да жанданады. Жаңартылған жолдар арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау жеңілдеп, жергілікті кәсіпкерлердің логистикалық шығындары азаяды. Сонымен қатар, сапалы жол инфрақұрылымы ауданға инвестиция тарту мүмкіндігін арттырады, жаңа өндірістік және туристік жобаларды іске асыруға жағдай жасайды.

Болашақта аудан әкімдігі жол инфрақұрылымын әрі қарай жаңарту, қосымша көше жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және жол бойын абаттандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, кей көшелердің айналасын жасыл желектермен, спорттық және ойын алаңдарымен жабдықтау арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінбек.

Жалпы, Сарыағаш ауданындағы жолдарды жөндеу және жаңарту жұмыстары ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасының жоғарылауына, қауіпсіздік пен қолайлы көлік қатынасының қамтамасыз етілуіне тікелей ықпал ететін маңызды стратегиялық бағыт болып отыр.

Қатысты жаңалықтар

Шымкентте имамдар мен теологтардың біліктілігін арттыруға арналған оқыту курстары өтті.

bastynews

ЦИФРОВЫЕ ПРОГРАММЫ В РЕАЛИЗАЦИИ ИДЕОЛОГИИ ГОСУДАРСТВА: ШЫМКЕНТ КАК ЦЕНТР ГУМАНИТАРНЫХ ТРАНСФОРМАЦИЙ

bastynews

Республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті

bastynews