Келес ауданы биыл қайта құрылғанына 7 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында өңірде инфрақұрылымдық дамудың жаңа кезеңі қалыптасып, ең өзекті мәселелердің бірі – ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету болып отыр. Соңғы жылдары аудан аумағындағы 23 елді мекенге табиғи газ жеткізілген, бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға және ауылдық инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік берді.
2025 жылы газдандыру жұмыстары тағы 12 елді мекенде жүргізілуде. Әсіресе, Ұшқын ауылдық округіндегі Достық және Қоралас елді мекендерінде газ желілерін тарту жұмыстары қарқынды жүріп, тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандардың көгілдір отынға қосылуы қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, Қошқарата ауылдық округіндегі Ұшқын елді мекені, Ұшқын ауылдық округінің орталығы және Бірлік ауылдық округіндегі Бірлік елді мекенінде газ желілері толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Аудан бойынша қосымша 9 елді мекенді газдандыруға жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Олар: Жаңатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс және Жиделі. Бұл жобалардың жүзеге асуы келесілік тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікті дамытуға да серпін береді.
Айта кетерлігі, Тартоғай, Шолантөбе, Мәдениет, Құрөзек, Коммунизм, Байғабыл елді мекендеріне газ тарту қазіргі уақытта экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылды. Ал Ащыкөл, Қалғансыр, Бекбота, Майдабозай, Бозай елді мекендерінде газ жүйесін жүргізу мақсатында қосымша зерделеу және жоспарлау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы елді мекендердің 71,1 пайызы орталықтандырылған табиғи газ жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жылу мен энергияны үнемдеуге, коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға және ауылдық аумақтарды дамытуға мүмкіндік береді.
Болашаққа жоспар бойынша, келесі жылдары газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын тауып, ауданның барлық елді мекенін орталықтандырылған көгілдір отынмен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл шаралар ауылдық тұрғындарды сапалы энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақ экономикасының тұрақты дамуына және ауылдық инфрақұрылымның жаңаруына серпін береді.
