Сауран ауданының іскерлік орталығында тұрғындар үшін жаңа мәдени-шығармашылық мүмкіндіктер ашатын заманауи 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл нысан ауданның мәдени әлеуетін арттырып, тұрғындардың шығармашылық, қоғамдық және әлеуметтік өміріне жаңа серпін беретін маңызды әлеуметтік инфрақұрылымдық жоба болып саналады.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасымен және құрылыс барысымен танысты. Әкім нысанның сапалы әрі уақытында аяқталуын қамтамасыз ету үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Жоба бойынша мәдениет үйінің жалпы ауданы – 4 664,54 шаршы метрді құрап, құрылысқа берілген жер телімі – 1,27 гектар. Нысанның құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылға өтпелі болып жоспарланған. Қазіргі уақытта бетон және арматуралау жұмыстарын атқаратын 12 маман, қабырға қалау жұмысына жауапты 18 адам, сондай-ақ инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарында 3 маман құрылысқа қатысып жатыр. Құрылыста 2 автокран мен 1 жүк артқыш трактор тұрақты жұмыс істеп, материалдарды тасымалдау және монтаждау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Мәдениет үйі ашылған соң аудан тұрғындары мен өнерпаздар үшін бірқатар мүмкіндіктер туындайды:
- 500 орындық залда концерттер, театр қойылымдары, көрмелер және фестивальдар өткізу жоспарланып отыр;
- Оқушылар мен жастарға арналған шығармашылық үйірмелер мен студиялар ашылады;
- Аудандық мерекелік іс-шаралар мен қоғамдық жиындарды өткізу үшін кең көлемді заманауи алаң қамтамасыз етіледі;
- Мәдени-танымдық бағдарламалар арқылы тұрғындардың рухани мәдениетін көтеру және халықтық дәстүрлерді насихаттау көзделеді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров атап өткендей, жаңа мәдениет үйі тек ғимарат қана емес, аудан тұрғындарының мәдени өмірін дамытуға, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, өнер мен спортты насихаттауға бағытталған стратегиялық әлеуметтік жоба болып табылады.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген жоспар бойынша жүріп, бетон, арматура және қабырға қалау жұмыстарымен қатар инженерлік желілерді тарту және ішкі инфрақұрылымды жабдықтау кезеңдері де жүргізілуде. Құрылыстың толық аяқталуы ауданның мәдени өмірін жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындарға сапалы және заманауи мәдени ортаны ұсынуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта мәдениет үйі ашылғаннан кейін аудандық өнер ұжымдары мен шығармашылық топтар тұрақты түрде өз өнерлерін көрсетуге, сондай-ақ халықаралық және облыстық деңгейдегі мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алады.
