Жаңалықтар Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА 5 МЫҢ ОРЫНДЫҚ МЕШІТ ЖЫЛ СОҢЫНДА АШЫЛАДЫ

 Түркістан қаласына кіреберісте әлемдік озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіттің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда мешіттің қасбеті мен мұнаралары толық аяқталған, электрмен және сумен жабдықтау жүйесі орнатылған, терезелер қойылып, ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында 30-дан астам құрылысшы мен 9 техника тұрақты жұмыс істеп жатыр.

▪️ Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның сапалы және уақытылы аяқталуын қатаң қадағалау жөнінде тапсырма берді. Жобаны сапалы аяқтау – өңірдегі діни инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға және Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

▪️ Көрші Өзбекстан мемлекетінің тартуы ретінде салынып жатқан мешіттің құрылысы биылғы жылдың соңында аяқталып, ашылу рәсімі жоспарлануда. Жоба аясында 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады.

▪️ Мешіттің жалпы құны – 32 млрд теңге. Құрылыстың жалпы аумағы 4650 шаршы метрді құрап, биіктігі 61 метрлік екі мұнарамен сәнделген. Жер аумағы 7,7 гектарды алып, ішкі кеңістігі, абаттандырылған аумақ және қосымша инфрақұрылымдарды қамтиды. Абаттандыру жұмыстары – 4,2 гектар аумақты қамтиды, қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың 85%-ы аяқталған.

▪️ Мешіттің ішкі жабдықтары заманауи стандарттарға сай келтірілуде. Сәжде орындары кең, акустикалық жүйелер орнатылған, кондиционерлер мен заманауи қауіпсіздік жүйелері қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, мешіттің жанында оқу залдары, кітапхана, мәдени-ағартушылық орталық, асхана және қоғамдық демалыс алаңдары қарастырылған. Бұл нысан тек діни қызмет орнын ғана емес, сондай-ақ жастар мен тұрғындардың білім алуына, мәдени шаралар ұйымдастыруға арналған кешен болып табылады.

▪️ Құрылысты «МонтажСтройКом Экстра» ЖШС мердігер мекемесі жүргізіп жатыр. Алдағы кезеңде мешіттің аумағын толық абаттандыру, автотұрақ салу және жасыл желек алқаптарын көбейту жоспарлануда. Мешіттің ашылуы Түркістан қаласының көркеюіне, діни туризмді дамытуға және өңір тұрғындарының рухани өмірін жандандыруға ерекше серпін береді.

▪️ Мешіт тек Түркістан тұрғындары үшін ғана емес, облысқа келетін туристер мен зиярат етушілер үшін де ерекше нысанға айналады деп күтілуде. Жоба аймақтың халықаралық имиджін көтеруге, мәдени және рухани мұраларды дәріптеуге бағытталған маңызды бастама болып саналады.

Қатысты жаңалықтар

ГҮЛ МЕРЕКЕ, КҮН МЕРЕКЕ – 8 НАУРЫЗ

bastynews

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП ЖАТЫР

Bastynews

Жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Bastynews