Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған екі маңызды әлеуметтік жоба іске асырылды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы Жылға және Әлімтау ауылдық округтеріндегі жаңа нысандардың құрылыс барысымен танысып, олардың сапасын тексерді.
Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана елді мекенінде жеке инвестиция есебінен жалпы құны 77 миллион теңгені құрайтын жаңа медициналық нысан бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын «ВВ-Manap Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді.
Аудан басшысы Арман Абдуллаев нысанның жай-күйін тексеріп, сапалы әрі уақтылы аяқталуын басты назарға алды:
📌 «Аудан аумағында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған медициналық нысан ерекше маңызды. Бұл ғимарат пайдалануға берілген соң, тұрғындар орталыққа бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті өз ауылынан ала алады. Сондықтан құрылыс сапасы мен медициналық құрал-жабдықтардың заманауи талаптарға сай болуын тапсырамын», – деді аудан әкімі.
Жаңа медициналық нысан алғашқы жедел жәрдем көрсетуге, амбулаториялық қызметтерді жүргізуге және ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар нысанда заманауи диагностикалық құралдар орнатылып, дәрігерлер мен медбикелердің жұмысы үшін барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, Әлімтау ауылдық округінде тұрғындар ұсынысы бойынша жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Алаңша заманауи талаптарға сай жабдықталып, қауіпсіздік стандарттары толық сақталған. Құрылыс жұмыстарын «Alsar Gold» ЖШС мердігер компаниясы орындады, жоба аудандық бюджет есебінен қаржыландырылды.
Аудан әкімі жаңа алаңшаның сапасын тексеріп, оны күтіп-ұстау және тиімді пайдалану жауапкершілігін ауылдық округ әкімдігіне жүктеді. Балалар ойын алаңшасы жас ұрпаққа бос уақытын тиімді өткізуге, спортпен шұғылдануға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Сарыағаш ауданында соңғы жылдары әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мектеп, спорт кешені, медициналық орталық және балалар алаңшалары секілді жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдық елді мекендерді заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған. Аудан басшылығы мұндай әлеуметтік бастамаларды алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.
