Қоғам Мәдениет

ТҮРКІСТАН: ҚАРАМҰРТ АУЫЛЫНДА «АУЫЛ ҚҰТҚАРУШЫЛАРЫ» ЖАҢА ЕРІКТІ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚҰРЫЛЫМЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Сайрам ауданының Қарамұрт ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, аудан басшылығы, ауыл тұрғындары және жергілікті бизнес өкілдері қатысты.

Жобаны іске асыруға жергілікті кәсіпкерлер белсенді түрде атсалысып, пункттің құрылысы мен тұрмыстық және кәсіби жабдықтармен қамтамасыз етілуіне қолдау көрсетті. Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов:
«Бизнес қауымдастығы бастама танытып, ерікті өрт сөндіру бекеттерін дамытуға нақты үлес қосып жатқаны маңызды. Бұл ауылдық аймақтардың өрт қауіпсіздігін күшейтіп, тұрғындардың қорғалу деңгейін арттыруға септігін тигізеді», — деп атап өтті.

Жаңа пункт қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықталған. Мұнда өрт техникасына арналған бокс, кезекшілерге арналған үй-жай, байланыс құралдарымен жабдықталған диспетчерлік бөлме, ас үй, асхана және «Batyr Team» спорт залы бар. Еріктілер Төтенше жағдайлар министрлігі берген өрт сөндіру автоцистернасымен, жауынгерлік киіммен, радиостанциялармен және басқа да қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілді.

Пункт Қарамұрт, Низамабат және Аққала ауылдарына қызмет көрсетеді. Бұл елді мекендерде 19 мыңнан астам тұрғын тұрады. Жаңа құрылым ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және табиғи апаттарға қарсы дайындығын күшейтуге бағытталған.

Аудан әкімі пікірінде:
«Ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғау – біздің басты міндетіміз. Жаңа пункттің ашылуы шалғай елді мекендерде де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл тек қауіпсіздік емес, сонымен қатар тұрғындардың сенімін арттыруға арналған маңызды әлеуметтік бастама», — деді.

Жаңа ерікті өрт сөндіру пункті тек техникалық жабдықтармен ғана емес, сонымен қатар мамандар мен еріктілерді оқытуға арналған оқу залымен, практикалық жаттығулар алаңымен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тұрақты түрде жаттығулар өткізіп, ауыл тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстыратын болады.

Бұл жоба Қарамұрт ауылы мен көршілес елді мекендердің экологиялық және өрт қауіпсіздігі деңгейін едәуір көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, төтенше жағдайларға дайындықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Қатысты жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ҚАЗАҚСТАН – АКАДЕМИЯЛЫҚ БІЛІМ АЙМАҒЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

bastynews

Жаңаталаптағы көпір күрделі жөндеуден өтті

bastynews

«ШЫМ ҚАЛА КЕШТЕРІ» АТТЫ КОНЦЕРТТІК БАҒДАРЛАМА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

bastynews