Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңірлік делегация Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, туризм және мәдени-экономикалық әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында бірқатар кездесулер өткізді. Сапар Хорезм облысында жалғасып, маңызды келіссөздер мен ынтымақтастық бағыттары қаралды.
Делегация Хиуа қаласындағы Ичан-Қала тарихи кешені мен Нуриллабой сарайын аралап, туристік әлеуеті жоғары нысандардың жұмысымен танысты. Өзбекстанның Хорезм облысында орналасқан Ичан-Қала – Хиуаның ежелгі орталығы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Аумағы 26 гектарды құрайтын кешен ішкі қамал қабырғаларымен қоршалған, онда медреселер, мешіттер, сарайлар, мұнаралар және басқа да тарихи сәулет ескерткіштері орналасқан.
Делегация Ичан-Қаланың басты нысандарын аралап, тарихи мұраларды сақтау, реставрациялау және туристік басқару тәжірибесімен танысты. Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістан қаласында да тарихи және мәдени әлеует бар екенін, туристік бағыттарды дамыту арқылы өңір экономикасын нығайтуға болады екенін атап өтті.
Кейін делегация Нуриллабой сарайына барды. Бұл нысан Хиуа хандарының тарихи резиденциясы болып, шығыстық өрнектер мен еуропалық стиль үйлесім тапқан архитектуралық шедевр ретінде ерекшеленеді. Сарай Мұхаммед Рахим II ханның бастамасымен салынған, ішкі бөлмелерінде венециялық айналар, хрусталь люстралар, сәндік бұйымдар мен дәстүрлі хиуалық ою-өрнектер сақталған. Құрылысқа жергілікті шеберлермен қатар шетелдік мамандар да шақырылған.
Айта кетейік, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 830 мың турист келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Туризм саласын дамыту, тарихи нысандарды жаңғырту және инфрақұрылымды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, өңірдің туристік әлеуетін арттыру жоспарлануда.
▪️Алдағы кезеңде екі өңір арасында туристік маршруттарды бірлесіп құру, мәдени фестивальдар мен көрмелерді ұйымдастыру, сондай-ақ халықаралық туристерге арналған ақпараттық платформаларды дамыту бойынша нақты жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл Түркістан облысының халықаралық деңгейде танымалдығын арттыруға және жергілікті экономикаға қосымша инвестициялық тартуға септігін тигізеді.
