Түркістан төрінде өңірлік басылымның ғасырлық тарихын айқындайтын «Южный Казахстан: 100 жыл оқырманмен бірге» атты салтанатты іс-шара өтті. Шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, ҚР Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев, жергілікті атқарушы орган өкілдері, өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері, журналистика ардагерлері, сондай-ақ редакция қызметкерлері қатысты.
▪️ Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров газеттің мерейтойымен құттықтап, редакция ұжымына қызметтік автокөлік кілтін табыстады.
📌 – «Баршаңызды облыста өзіндік орны бар «Южный Казахстан» газетінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Газет – қоғамның үні, халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бұл басылым әрдайым уақыт рухын бейнелеп келеді. Оның беттерінде өңірдің тарихы, адамдардың тағдыры мен мәдени жетістіктері көрініс тапқан. Түркістан облысында журналистиканың бай дәстүрі қалыптасқан. Оңтүстік өлке әрқашан өз белсенділігімен, энергиясымен және жасампаз рухымен ерекшеленеді. Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда, жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуде. Редакция ұжымына мықты денсаулық, шығармашылық қуат тілеймін!» – деді облыс әкімі.
▪️ Жиын барысында ресми тұлғалар мен серіктестер, БАҚ өкілдері сөз сөйлеп, қазіргі журналистиканың өзекті мәселелері, өңірлік БАҚ-тың рөлі, цифрлық дәуірдегі газет жанрының маңызы жайлы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ журналистика ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі жоғары бағаланды.
▪️ Салтанатты кеште музыкалық нөмірлер қойылып, журналистердің, оқырмандардың қатысуымен мерейтойлық көңіл-күй сыйланды. Сонымен қатар, «Редакция өмірінің бір күні» атты деректі фильм көрсетіліп, газеттің күнделікті жұмысы, шығармашылық үдерісі мен тарихы бейнеленді.
▪️ Мерейтой шеңберінде жаңа басылым «Ветер перемен» атты кітаптың тұсауы кесілді. Кітапта редакцияның мерейтойлық жылдағы өмірі, журналистердің тағдыры, газет қызметінің ғасырлар бойындағы жетістіктері баяндалған. Бас редактор Марина Анатольевна Лимаренко кітапты таныстырып, оқырманмен пікір алмасты. Кітап оқырмандарға, студенттерге, журналистика саласындағы мамандарға және БАҚ тарихына қызығушылық танытқан азаматтарға арналған.
▪️ Сонымен қатар, іс-шарада газеттің тарихын ұмытпау, дәстүрлерін сақтау және жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы заманауи журналистиканы дамыту мәселелері талқыланды. Облыстық БАҚ өкілдері мерейтойлық шараның маңыздылығын атап, газеттің жергілікті қоғамдағы рөлі мен қоғаммен байланысын одан әрі нығайту керектігін айтты.
