М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен «Тәңірберген Отарбаев және Оңтүстіктегі қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш зиялыларының тағдыры» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция — тарихи зерде мен рухани жаңғыруды тоғыстырған тағылымы мол маңызды шараның бірі болды.
Басқосуда қазақ архивтану ғылымының қалыптасуына елеулі үлес қосқан Тәңірберген Отарбаевтың ғылыми-әдістемелік еңбектері мен қоғамдық қызметі кеңінен сөз етілді. Ғалымның архив ісін жүйелеу, құжаттарды сақтаудың заманауи әдістерін енгізу, ұлттық мұраның түпнұсқалық деректерін зерттеу бағытында атқарған жұмыстары ерекше атап өтілді. Тәңірберген Отарбаевтың өмір жолы – ғылымға адалдықтың, елдік мүддеге шынайы қызмет етудің және тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге деген табанды ұмтылыстың айқын үлгісі ретінде бағаланды.
Конференция аясында жас ғалымдар мен студенттер өз ғылыми жобаларын таныстырып, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жаңа деректерді ортаға салды. Олар Алаш қайраткерлерінің тағдырына қатысты тың мұрағаттық материалдарды ұсынып, өңір тарихына қатысты құнды ғылыми пікірлерімен бөлісті. Бұл шара жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін көтеріп қана қоймай, ұлттық тарихымызды терең зерделеуге деген ынтасын арттыра түсті.
Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген тарихшылар, зерттеушілер, архив саласының мамандары, гуманитарлық білім беру саласының өкілдері қатысты. Солардың қатарында Түркістан облысы мемлекеттік архивінің архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы Балжан Әмірханқызы да болды. Ол өз баяндамасында архив деректерін ғылыми айналымға енгізу, тарихи жадты жаңғырту және қуғын-сүргін құрбандарының өмір жолын айқындау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Конференция барысында ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргіннің тарихи себеп-салдары, оның Оңтүстік өңіріндегі ауыр зардаптары, сондай-ақ Алаш зиялыларының ұлттық мемлекет қалыптастыру жолындағы еңбегі кеңінен талқыланды. Спикерлер Алаш қозғалысының ұлт руханияты мен тәуелсіздік тарихындағы орнына терең тоқталып, репрессияланған тұлғалардың мұраларын сақтау мен зерттеудің маңызын атап өтті.
Тәңірберген Отарбаевтың ғылыми жолы — ұлттың тарихи санасын жаңғыртуға, архив деректерін жүйелеуге және репрессия құрбандарының ақиқатын ашуға арналған өмірлік миссиясы арқылы жас ұрпаққа үлгі боларлық құндылықтар жиынтығы екені айқындалды.
Қорытындысында бұл конференция — өткенге тағзым ету, ұлттық тарихтың күрделі кезеңдерін зерделеу және болашақ ұрпаққа тарихи жадыны жеткізудің маңызын айқындаған мәнді әрі мазмұнды басқосу болды. Шара барысында айтылған ұсыныстар мен ғылыми ойлар алдағы уақытта архив саласын дамытуға және ұлттық тарихты зерттеу бағытындағы жаңа бастамаларға негіз болмақ.
