Түркістан қаласының кіреберісіндегі жаңа 5 мың орындық мешіттің құрылысы аяқталуға жақын. Өңірдің рухани орталығына айналатын бұл нысан – соңғы жылдардағы ең ауқымды жобалардың бірі. Сәулеттік келбеті шығыстық нақыш пен заманауи құрылыс шешімдерін үйлестіре отырып әзірленген мешіт тек құлшылық орны ғана емес, мәдени-ағартушылық бағыттағы кешенді орталық ретінде де қызмет атқармақ.
Қазіргі таңда нысандағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеуге басымдық берілген. Сыртқы қасбет толық қалыптасып, биік мұнаралар орнатылды, инженерлік жүйелер жүргізілді. Терезелерді орнату, электр желілерін тарту, су жүйелерін қосу секілді техникалық жұмыстар толық аяқталған. Ішкі залдардың едені, қабырғалары, декоративтік элементтері кезең-кезеңімен әрленіп жатыр. Намаз залдарына арналған жарық жүйелері, акустикалық жабдықтар орнатылуда.
Құрылыс алаңында бүгінгі күні 30-дан астам маман күнделікті еңбек етсе, 9 техника ауыр жүк тасу, әрлеу материалдарын жеткізу, құрылыс конструкцияларын монтаждау үшін қолданылуда. Құрылыстың жалпы қарқыны күн сайын бақылауда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысан басына арнайы барып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Аймақ басшысы құрылыс сапасына ерекше назар аударып, пайдаланылатын материалдардың ұзақ мерзімге шыдамды болуын талап етті. Сонымен бірге, жұмыстардың уақтылы аяқталуына байланысты нақты тапсырмалар берді.
Бұл мешіт – Өзбекстан елінің Түркістан халқына жасаған сыйы. Жобаның жалпы құны 32 млрд теңгені құрайды. 7,7 гектар аумаққа орналасқан кешеннің ішкі ислам орталығы 4650 шаршы метрді қамтиды. Биіктігі 61 метрлік мұнаралардан тұратын ғимараттың сәулеттік бейнесі Түркістанның тарихи келбетімен үйлесім табуы да арнайы ескерілген.
Қазіргі таңда нысанның айналасын абаттандыру жұмыстары жүруде. 4,2 гектарды құрайтын абаттандыру аумағының 85 пайызы орындалған. Алаңда жаяу жүргіншілер жолы, сәндік шамдар, көгалдандырылған демалыс орындары, су арналары және шағын археологиялық элементтер қарастырылған. Болашақта бұл аумақ қала тұрғындары мен қонақтары жиналатын ашық алаңға айналмақ.
Жыл соңында пайдалануға берілуі жоспарланып отырған жаңа мешіт Түркістанның жаңа символдарының біріне айналып, өңірдің рухани өміріне серпін қосары сөзсіз.
